Құт дарыған Қарадала

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1114
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өңірлік коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында арнайы брифинг өткізген Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нұрахунов былтыр жүзеге асырылған жұмыстарды және биылға жоспарланған істерді таныстырды. Оның айтуынша, ел ішінде Қарадала атанған өңір ауылшаруашылық саласы бойынша 22 миллиард 480 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексін 103,1 пайызға орындаған.

Сонымен қатар, аудандағы егістік көлемі алдыңғы жылға қарағанда 670 гектарға ұлғайып, барлығы 23551 гектарға жетіпті. Осыншама мол егістіктен былтыр 79380 тонна астық, оның ішінде 75207 тонна жүгері алынған. Аудан бағбандарының 1021 гектар жерге бау-бақша отырғызуы ең басты жаңалықтың бірі болып отыр. Оның 480 гектарына грек жаңғағы, 323 гектарына  өрік, 95 гектарға алма, 47 гектарға шабдалы, 30 гектарға қара өрік, 24 гектарға шие, 19 гектарға әртүрлі жидектер мен 3 гектарға жүзімдік өсірілген. Сондай-ақ, ауданда алғаш рет «Көктұмар» ЖШС тамшылатып суару әдісімен 19 гектар жидек екпелерін тігіпті. Осы әдіспен тағы 36 гектар жерге жеміс көшеттері егіліп, серіктестік бағының жалпы көлемі 216 гектарға жеткен. Одан бөлек, былтыр ауданда ауқымы 8,1 гектарға тең 4 заманауи индустриялық жылыжай салынса, биыл тағы 13,5 гектар жерге жылыжай салу жоспарлануда.
Қарадаланың ыстық сулы шипажайы көпшіліктің назарын аударып отырғаны белгілі. Көптеген аурудың шипасына айналған ыстық сулы аймақта 4 туристік бағыт бойынша жұмыс істейтін 36 демалыс орнына, 3 қонақүйге былтыр 66028 адам келіп, ақылы туристік сауықтыру қызметінің түсімін 330,8 миллион теңгеге жеткізген. Ауданның мәдениет саласында жұмыс істейтін 6 Мәдениет үйі, 15 ауылдық клуб, 18 кітапхана және 1 архив үйі жергілікті халықтың сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Мәдениет үйлерінде жұмыс істейтін 3 халық ансамблі мен 81 шығармашылық ұжым көпшілік көкірегін тербеген ән-күйлерді орындап, халықтың ықыласына бөленуде.
Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасымен Қарадала аймағында салынған екі мал бордақылау алаңында бүгінде 100 ірі қара бордақылануда. Асыл тұқымды малды көбейтуге арналған мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 627 сиыр, 10 бұқа, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 973 қой, 30 қошқар, «Құлан» бағдарламасының көмегімен 101 бие, 5 асыл тұқымды айғыр алынған. Бүгін өңірде 203550 қой-ешкі, 64912 ірі қара, 14215 жылқы қыстатылуда.
Қысқасы, Ұйғыр ауданының барлық саласында өркенді істер молынан атқарылып, игілікті шаралар қолға алынуда. Соның арқасында шағын және орта кәсіпкерлік кеңінен дамып, барлығы 4270 кәсіпорын жұмыс істейді. Ауданда кәсіпкерлікпен айналысатын 7285 адам былтыр 6 миллиард 515 миллион теңгенің тауарын өндіріп, аудан бюджетіне 323,6 миллион теңге қаржы құйған. Әлеуметтік құрылыс қарқыны артқан өңірде өткен жылы 10 жалгерлік үй салынып, бір жетім азамат, 6 аз қамтылған отбасы мен 3 мемлекеттік қызметкер баспанамен қамтылыпты. Сонымен қатар, Шонжы ауылының солтүстік батысынан жеке тұрғын үй үшін бөлінген 174 гектар жерге инженерлік инфрақұрылым тартылған.
Брифингтің алғашқы бөлімінде аудан жетістігін осылай таныстырған Шухрат Турдахунұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қойған сауалдарға жауап берді.

М. ӘСЕТҰЛЫ