Талдықорғандықтар ауланы өз қалталарынан жаңалап жүр

Уақыты: 02.07.2024
Оқылды: 465
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда жыл сайын жиі көтерілетін мәселенің бірі – ауланы абаттандыру және балалардың ойын алаңын салу. Әкімдіктен күдер үзген қала тұрғындары өз қалталарынан қаржы жұмсауға  мәжбүр.

Оған дәлел, Қаблиса жырау көшесінде орналасқан 215-ші көпқабатты үй айналасын көркейту жұмыстары әлі күнге дейін жасалмаған және балалар алаңы жоқ. Аталмыш аудандағы  баспаналар сырт көзге түспей қоймайды.

Себебі, «Талдыпариждің» көркін келтіріп тұрған Жастар саябағы, Жетісу университеті, Орталық бассейн де осы маңда орналасқан. Ойын алаңын салу, көшені жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстарына бюджеттен аз ба, көп пе 13 млн. теңгеге жуық ақша бөлінген. Алайда, мердігерлер жұмысты бастағанымен аяқсыз қалдырып кеткен.

–  Мен бұл үйде тұрып жатқаныма алты жылдан астам уақыт өтті. Сол аралықта ешқандай жүйелі жұмыс жасалынбады. Айналаның сиқын өздеріңіз көріп тұрсыздар. Балаларымыз ойнайтын жері де жоқ, – дейді сол үйдің тұрғыны Бақыт Галиева. 

Тұрғындар жыл сайын осы мәселені көтеріп, қала әкімдігіне бірнеше рет барған. Алайда нәтиже жоқ. Сол кездегі шаһар басшысы Әсет Масабаев бұл жайттан хабардар екенін және мердігер компанияны сотқа бергенін айтқан. Содан бері бұл жерге бір жарым жылдан бері аяқ аттап баспаған. Үміттерін үзген үй иелері пәтердің кей жерлерін өз қалталарынан шыққан қаржыға жаңалаған.

Естеріңізде болса, облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған халқымен кездесуінде: «Біз қала тұрғындарының өмірі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Ең алдымен, балаларымыз үшін аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс. Қала әкіміне қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жалғастырып, қатаң жеке бақылауға алуды тапсырамын», –  деген болатын. Дегенмен, тапсырамын деген сөзінен тамтық та қалмаған. Атқарылып жатқан жұмыстар әлі күнге дейін толық нәтиже бермеді.

–  Түнде шамы жанбайды, шөбімізде шабылмаған, балаларымыз ойын алаңын іздеп басқа жаққа кетеді, артынан оларды ата-аналары іздеп жүреді, – деп пікір білдірді Бақыт Тұрысбекқызы.

Қазіргі кезде есік алдында бүгінгі өркениеттің белгісіндей болып бір шам ғана істеп тұр. Оның өзіне тұрғындар жабылып жүріп жарық орнатқан.

–  Мына тұрған дүкенге бару үшін «фонарик» жағып жүреміз. Өйткені өте қараңғы. Үлкен кісілердің өзі қорқады, – дейді тағы.

Мінекейіңіз, құрметті оқырман, біз мысалға келтірген бір ғана мәселенің сиқы осы. Ал, бұдан бөлек қаншама баспана бар Талдықорғанда осы іспетті. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» болып тұр.

Мақпал Әділханқызы,
ЖУ-дың 3-курс студенті

 

Редакцядан: Аталған мәселеге байланысты тиісті мекемеге сауал жолданды. Су жаңа «Масс-медиа туралы» заң бойынша мемлекеттік мекемелер журналист сұраған ақпаратқа 5 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті екенін өздері де білетін болар. Алдағы уақытта олардың да ойын еркін пікір алаңы ретінде назарларыңызға ұсынамыз.