Талдықорған қаласында «Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес» күніне орай түнгі велошеру өтті. Қала әкімдігінің қолдауында қолға алынған іс-шара жалпы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
Жиналған қауым алдында сөз алған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков барша қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, Жетісу облысының орталығындағы шығыс шағын ауданы Нұр көшесінен бастау алған бұл жолғы түнгі велошеру шаһардағы «Көктем» саябағында түйінделіп жалпы жүріп өткен жол 10 шақырым қашықтықты құраған.
– «140-тан астам адам қатысқан бұл жолғы велошеруге қатысушылар арасында кәсіби велосипедшілер, мемлекеттік қызметшілер және қарапайым қала тұрғындары да бар. Дәстүрге айналған түнгі велошеруде «BIKE TEAM», «Velopark.tdk», «Velofiends», «Velotrveltekeli» және «Вiketeamgroup» велосипедшілер қауымдастығының өкілдері зор белсенділік танытып, ұйымдастырушылар тараппына алғыстарын айтты. Көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады», –деді қалалық спорт бөлімінің басшысы.
Шара соңында велошеруде қатысушылар арасында арнайы лоторея ойындары ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Айдын КӘЛІМХАН