Ескерткіш – ел мұрасы

Уақыты: 12.08.2024
Оқылды: 364
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жер жәннаты Жетісу ежелден ұлтымыз тарихынан тағлымды сыр шертетін ұлы құндылықтарға бай. Солардың  бірі – ескерткіш. Ел тәуелсіздігінен бері облыс орталығы Талдықорған егеменді елдіктің, тарихи ерліктің ақиқатын айғақтайтын небір жаңа ескертіштермен толықты.  

Осыған байланысты біз Жетісу облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың директоры Ғалымжан Оспановты сөзге тартып, аймақтағы ескерткіштер жайында арнайы бір сұхбат өткізіп, ортақ ой өрбіткен едік.

– Құрметті Ғалымжан Айданақұлы, қазір жалпы Жетісу жерінде тарихи-мәдени мұра саналатын қанша ескерткіш бар, алдымен олардың маңызы туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз?

– Жалпы ескерткіштер елімізде ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы аясында, мәдениет және спорт министрлігі бұйрығымен бекітілген қағидаларға сай сақталып, қорғалады. Сондай-ақ, 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы 18 сәуірді «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні» деп бекіткен. Сонымен бұл мереке 1984 жылдан бері аталып өтілуде. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар және дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне алынған. Бұл тізімге 2003 жылы еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені мен Алматы маңындағы Таңбалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы енген. Бүгінде елде ұлт құндылықтары саналатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Ал, Жетісу облысы аумағындағы тарих және мәдени мұраға жататын ескерткіштердің саны 1150-ден асады. Оның 881-і археологиялық, 229-ы қала құрылысы және сәулеттік ескерткіш болса, 45-і сакралды нысан. Ескерткіштер – негізі археологиялық, тарихи, сәулет, монументтік мүсін өнері деп 4 түрге бөледі. Олардың маңыздылығы сол өткеннің өнегесі, халықтың байлығы, елдің тарихы.

– Ұлт құндылықтарын ұлықтау – ұлы іс. Осыған байланысты киелі Жетісу жеріндегі ескерткіштерді қорғау және мәдени мұраларды сақтап дәріптеу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылғы ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», – деп анық атап айтқан болатын. Сондықтан да ескерткіш сынды қазыналы халық мұрасын көздің қарашығындай сақтап, жаһанға паш ету біздің басты парызымыз. Әр жылы аймағымызда мәдени мұраларды қорғау және насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіледі. Мұндай шаралар негізі ескерткіштерді қорғау күніне орай жиі ұйымдастырылады. Аталған шаралар биыл да жалғасын тапты. Осы барыста өңірдегі әрбір аудан, қалаларда тарихтан  тағылымды сыр шертетін ұлт мұрасы ұлықталып, әр ескерткіштегі ел мақтанышына айналған танымал тұлғалар таныстырылып, олардың елге сіңірген еңбектері мен ерліктері  кеңінен дәріптеледі.

– Ел Тәуелсіздігінен бері жыл санап өсіп-өркендеп келе жатқан Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы қандай жаңа ескерткіштермен толықты?

– Көпке мәлім, еліміз егемедік алғаннан бері екі тізгін, бір шылбырын өз қолына алған халқымыз барын бағалап, жоғын түгендеумен келеді. Соның нәтижесінде ұлт құндылықтары кеңінен ұлықталып, салт-дәстүр, әдеп-ғұрып қайта жыңғыртылуда. Осыған сәйкес, бүгінде киелі Жетісу жерінде тарихи-мәдени мұраларды қорғап, сақтауға баса мән берілуде. Атап айтсақ, қазір бір ғана Талдықорған қаласында 20-дан астам қала құрылысы мен сәулет ескерткіштері бар. солардың бірі – облыс орталығындағы Жетісу мемлекеттік университеті алаңындағы Алаш арысы Ілияс Жансүгіровтің ескерткіші. Ол  1994 жылы құлагер ақының 100 жылдығына арналып қойылған болатын. Оны ел Тәуелсіздігінің алғашқы сыйларының бірі деуге болады. Одан кейін қалада 2008 жылы ғұлама ғалым Қадырғали Жалайыридың, 2009 жылы қазақтың хас батырларының бірі Қаракерей Қабанбайдың, сөз сүлейі Сүйінбай Аронұлының, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіштері сынды көптеген ел арыстары мен  ұлт мақтанышына айналған тарихи тұлғаларға арналған еңселі мүсіндер бой көтерді. Мұндай жұмыстар ешқашан тоқтамайды. Себебі, тас тұғырға қондырылған ұлы тұлғалардың қай дәуірде болсын елі үшін атқарған еңбектері ерен. Олардың ерлігі елге мұра, ұрпаққа үлгі. Осыған байланысты соңғы жылдары Жетісу облысының орталығы  қазақтың дана-дәнішпаны Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткішімен Нұрмолда Албабергеновке арналған бюсті және Семей-Чернобыль апат құрбандарына арналған көрнекті ескерткіштермен  толықты. Осының барлығы біріншіден елдің егемендігінің арқасы болса, екіншіден жыл санап, жасарып-жайнап келе жатқан Талдықорған қаласының жан-жақты дамуының айқын айғағы. Ал, бабалардан бізге мұра болып қалған мұндай құндылықтар өткеннің өнегесі, елдің, ұлтымыздың тарихы, ерен ерліктің дәлелі. Сондықтан ұлт мұрасын ұлықтау бұдан былай да жалғасын табатын болады. Жалпы айтарым еліміз заман,  жеріміз тыныш, береке-бірлігіміз бекем болсын! 

– Әңгімеңізге рақмет!    

Сұхбаттасқан  Айдын КӘЛІМХАН