Өтенай  ауылы өркендеуде

Уақыты: 14.08.2024
Оқылды: 301
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ауыл-аймақты дамытып, халықтың әл-ауқатын көтеру Мемлекет басшысы жүктеген басты міндеттердің бірі. Осыған сәйкес бүгінде Талдықорған қаласында мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірлерді өркендетудің тың бастамалары қолға алынып, облыс орталығына қарасты ауылдар жыл санап өркендеуде. Солардың бірі – Өтенай ауылы.

«Аймақта қарапайым халықтың қажетіне сай білім мен денсаулық, спорт мен мәдениет, басқа да әлеуметтік салаларды дамытуға баса мән беріліп келеді. Сонымен бірге ауылымыздағы ауыз су, жол, жарық, газ тарту мәселелері рет-ретімен оң шешімін тауып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша өнім өндірушілердің бәсекелестік қабілетін арттыруға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде кешегі тоқырау жылдары тұралап қалған әрбір елді мекен тез арада еңсе тіктеп, тұрақты дамуға бет бұрды», – дейді Өтенай ауылының тұрғындары.

Осыған байланысты біз Талдықорған қаласына қарасты  Өтенай ауылының әкімі Руслан Малтаевпен ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ондағы атқарылып жатқан істер жайында арнайы сұхбат өткізіп қайтқан едік.

–  Руслан Ырысбекұлы қазір Өтенайда  қандай игігілікті істер қолға алынуда, ауыл тұрғындарының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында кеңірек тоқталып өтсеңіз?

  Өңірді өркендету – өзекті іс. Көпке мәлім, Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылының құрамына Еңбек, Мойнақ, Пригородный, Ынтымақ, Жастар сынды бірнеше елді мекен енеді. Жалпы тұрғындар саны 15 мыңға жуық. Негізі ауыл-аймақты дамытудың алғышарты – халық қажетін қанағаттандыру. Мұндағы жұрттың жалымдық жер, ауыз су, жүрер жол, жарық, газбен қамту, мектеп, аурухана, балабақша, кітапхана, мәдениет үйі, спорт алаңдарына қатысты  қоятын сауалдары да аз емес. Халық талабын орындау үшін әр сауалды мұқият зерделеп көтерілген мәселелерді кезең-кезеңімен реттеуге тура келеді. Осы тұрғыдан алып айтсақ, әр жылы қала басшысының тапсырмасына сай, наурыз айыннан бастап ауылдарды күл-қоқыстан тазарту мақсатында арық-тоғандар аршылып, ағаш отырғызу жұмыстары қолға алынады. Атап өтерлігі, Өтенайға қарасты әр ауылда алдымен тазалыққа баса мән беріліп, апта сайын сенбілік ұйымдастырылады. Сонымен қатар жолдар жөнделіп, ескі нысандарды жаңарту да басты назарда. Мәселен, өткен жылы Өтенай, Еңбек ауылдарының 8   көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Мойнақ ауылының 3 көшесіне қиыршық тас төселсе, осы орайда 3 ауылдағы 16 көшеге жарық шамдар орнатылды. Аылдарды абаттандыру жұмыстары аясында Өтенайда жалпы ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын аллея құрылысы басталып, Ынтымақ және Жастар-1 тұрғын үй алабында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша балалар ойын алаңдары салынып қолданысқа берілді. Биылғы жылы мұндай жұмыстар өз жалғасын тауып, округ бойынша тағы 21 көше күрделі жөндеуден өткізілсе, 3 млн теңгеден астам қаржы бөлініп Еңбек ауылындағы су арналарына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осының барлығы өңірлерді дамыту бағытында жасалып жатқан жүмыстар.

– Жалпы қазір Өтенай ауылына қарасты қанша егістік жер бар, оған қандай дақыл түрлері егіледі?

Бүгінде Өтенай ауылына қарасты 153 шаруа қожалығы, 8 жауапкершілік шектеулі серіктестігі бар. Олардың  дені мал және егін шаруашылықтарымен шұғылданады. Аймақтағы егістік жер көлемі 2600 гектардан асады. Оған арпа, бидай, жүгері, май бұршақ, жоңышқа, көп жылдық шөп және басқа да бақша дақылдары мен өңірдің төл өнімі қант қызылшасы себіледі. Қазір шаруалар жаздық егін жинау науқанына ден қойды. Биылғы егіннің шығымы да жаман емес. Шаруаларға тиесілі ауыл шаруашылық техникалары да  жеткілікті. Оларға көктемгі егін салуға және күзгі жиым-терім үшін үкіметтен арнайы арзандатылған жанар-жағармай бөлінеді. Аймақтағы мал басы да айтарлықтай өскен. Жалпы 3500-ден астам  сиыр, 9 мыңға жуық ұсақ мал, 1400-ден астам жылқы,  50-ге жуық түйе бар. Аталған төрт түлікке тиесілі жайылымдық жерлер мен егістіктер заман талабына сай, Minagro.kz, Qoldau.kz  веб порталы арқылы электрондық картаға енгізілген. Сонымен бірге қазір Өтенай ауылдық округінде тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 4 түрі көрсетіледі. Салық төлеу ісі де жүйелі жолға қойылған. Соның нәтижесінде әр жылғы салық дер кезінде жиналады. Сонымен бірге мемлекет тарапынан жағдайы төмен мұқтаж отбасындағыларға лайықты көмек көрсетіліп, кәсіпкерлерді қолдау аясында жеңілдетілген  несие де беріліп тұрады. Соның арқасында осыған дейін біраз азаматтар мал өсіріп, басқа да өздерінің жеке кәсіптерін дөңгелетуге мүмкіндік алды.

 – Ал, халықты табиғи газбен қамту бүгінгі күннің басты талабы, бұл бағытта қандай жұмыстар жасалуда?

– Жұртқа мәлім, сала мамандарының сөзінше, Жетісу облысының орталығын газдандыру  жұмыстары 4 кезең бойынша қолға алынып, 22 іске қосу кешеніне бөлінген. Шаһардағы құбыр жүргізілетін жалпы аумақ  920 шақырымнан асады. Газдандырудың алғашқы жобасы аясында Талдықорған қаласымен қатар  біздің Өтенай, Еркін, Еңбек және Шайқорған сынды саяжайлар толық қамтылған.  Өкінішке орай, алғашқы газ тарту жобасынан қала маңындағы саяжайлармен бірге біздің Мойнақ ауылы да қалыс қалып қойыпты. Кейін Талдықорған қаласының әкімдігі тарапынан аймақ басшыларына, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасына берілген ұсыныстар бойынша 2023 жылдың басында тиісті  қаражат бөлініп, газбен жабдықтау бойынша 2 жоба іске асырылған болатын. Оның бірі Жастар-2, екіншісі Ынтымақ елдімекені. Ал, биылғы жылы жалпы ұзындығы 21 шақырым болатын Мойнақ ауылына газ жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алла қаласа Жетісу облысы бойынша табиғи газбен қамту жұмыстары екі кезең бойынша жүзеге асырылып 2025 жылдың соңына дейін аймақтағы барлық елді мекенді көгілдір отынмен толық қамту көзделген. Осы жоба бойынша еш ауыл көгілдір отынсыз қалмайтыны анық. Қорытып айтсақ, осының барлығы аймақ тұрғындары үшін жасалып жатқан  жұмыстар. Әрине, әр бір атқарылған істің  лайықты кемшіліктері болатыны да хақ. «Көш жүре келе түзеледі» деген.  Олқылықтардың орны толып, бағытымыз айқындалар. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болғай!

Әңгімеңізге рақмет!    

Сұхбаттасқан  Айдын КӘЛІМХАН