Кербұлақ ауданындағы 28 ауылда денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңартылады

Уақыты: 13.09.2024
Оқылды: 260
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы 28 ауылында денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңартылады. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысының сөзіне сүйенсек, денсаулық сақтау саласында осы жылы облыс аумағында 27 блокты-модульді медициналық пункт орнату жоспарланса, соның 8-і Кербұлақ ауданында тұрғызылады, бүгінгі таңда Онжас, Көксай ауылдарына орнатылған. Қараша айына дейін тағы алты елді мекенде - Рудник-Арқарлы, Жоламан, Қарлығаш, Қазынсу, Қызылмектеп, Тастыбастау ауылдарында осындай медициналық пункттер бой көтереді.

- «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Кербұлақ ауданындағы 6 ауылда - Қызылжар, Шұбар, Қарағаш, Қарашоқы, Басши, Алтынемелде дәрігерлік амбулатория, 8 ауылда - Жаңалық, Қоянкөз, Сарыбастау, Нұрым, Ақтөбе, Қарымсақ, Байғазы, Шағанда фельдшерлік-акушерлік пункт және Малайсары, Беріктас, Доланалы ауылдарында медициналық пункттер салынып жатыр. Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша Шанханай және Талдыбұлақ ауылдарында, ал жергілікті бюджет қаражатына Көксу ауылында дәрігерлік амбулаториялар тұрғызылуда. Осылайша ауданның 28 ауылында денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңартылады, - деп атап өтті Б. Исабаев.

Сонымен қатар Сарыөзек ауылында жаңа емхананың құрылысы аяқталып, аудандық аурухананың инфекциялық блогына күрделі жөндеу жүргізілген.

Өңірде білім беру саласына да айрықша назар аударылады. Осы орайда тұрғындардың өтініштерге орай биыл Қаспан және Көксай ауылдарының мектептеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Мектебі жоқ 21 елді мекен тұрғындарының сұранысы бойынша  оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесі шешілді. Қаспан, Жоламан ауылындарының мектептеріне 2 автобус сатып алынды, осы айдың аяғына дейін жеткізіліп беріледі.  Сонымен қатар аудандағы 37 білім мекемесіне жаңа модификация кабинеттері сатып алынып, 6 мектептің кітапханасы жаңартылды.

Ал мәдениет пен спорт салаларында Қарашоқы, Шұбар және Қоянкөз ауылдарында мәдениет үйлері мен Қызылжар ауылында блокты-модульді спорттық кешен салынуда.

Жалпы соңғы екі жылда, яғни 2022-2023 жылдары облыс көлемінде әлеуметтік инфрақұрылымдардың 86 объектісі жаңадан салынды және жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде білім беру мен мәдениет салаларының нысандарын жаңарту 36% асса, бұл көрсеткіш денсаулық сақтауда - 52% спортта 71,4% жетті.

 Фотограф: Жеңіс Ысқабай