Дана халқымыз «Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» деп текке айтпаса керек. Күннің шуағымен жер беті жылынса, ата-әжелеріміздің немерелеріне деген махаббаты, ыстық сезімі күллі әлемді жылытатындай. Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында мені тәрбиелеп өсірген апам жайлы жазуды жөн көрдім.
Менің апам шыңдардың көксеңгірі. Ата мен әженің мектебінен өткен баланың арманы жоқ шығар, шіркін! Ақылы алтын қарияларымыздың тамылжытып айтқан әрбір тағылымды әңгімесі өне-бойыңды шымырлатып баурап алады. Менің апам Күләш Даутова 6 баладан 18 немере, 2 шөбере сүйіп отырған жан. Мен апамның тәрбиесімен өсіп келемін.
Қазақылықтың қайнар бұлағын сарқылтпаған апам Қаратал ауданында талай жыл кітапханашы болып қызмет істеді. Атам екеуі шопан болып қой да бақты. Ол кісіні ауылдастарының бәрі еңбекқор, ұқыптылықты, тазалықты жақсы көретін жан деп біледі. Мені де жанына ертіп жүріп үй шаруашылығына баулиды. Кішкентай күнімізде ұйықтар алдында бәріміз «менің апам» деп қасына жатуға таласатынбыз. Өйткені ол ұйықтар алдында міндетті түрде ертегі айтып жатқызатын. Ақыры бәріміз кезек-кезек ертегі тыңдап ұйықтаймыз. Апам бүгінде қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерін жиі айтып отырады. Бізге ақыл-кеңестерін беруден жалықпайды. Апамның арқасында мен де әр ісімді тыңғылықты жасайтын болдым. Ол ұлттық тағамдарымызды өте дәмді дайындайды. Мен болашақта әжемнің айтқан, үйреткен ақылының ізімен жүріп, үлгілі адам болуға тырысамын.
Ақжаулықты әжелеріміз, көнекөз қарияларымыздың арқасында бүгінгі ұрпақ қазақы құндылықты бойына сіңіріп келеді. Елі үшін барын берген қазыналы қарттарымызды әрқашанда құрметтеп, үлгі-өнегесін жастар арасында ұлықтау біздің басты парызымыз. Өйткені еліміздің болашағы ақсақалдар ақылын жас ұрпақтың бойына сіңіруден қалыптасады. Қариялар біздің сарқылмас қазынамыз.
Айсана НАЗАРОВА,
№2 орта мектептің оқушысы
Талдықорған қаласы