Қазақ «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» – дейді. Ізгілікті ісімен жұртты сүйіндіріп жүрген ерлерге байтақ даламыз кенде емес. Солардың ішінде композитор, дирижер Әли Алпысбаевтың орны бөлек. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген мақал оның көп қырлы шығармашылық қызметін жан-жақты музыкалық және ұйымдастырушылық қабілетін дәл сипаттайды.
Шынында да Әли Алпысбаев қазіргі Жетісу өңірінің мәдениетіндегі ең жарқын тұлғалардың бірі. Композитор алған атақтарына, атқарған лауазымды қызметіне әбден лайық. Оған ешкімнің де дау айтпасы анық.
Жуырда ғана Жетісу облысының орталығында тыңдармандар үшін композитор Әли Алпысбаевтың шығармашылығына арналған I Халықаралық «Елге арнау» атты үлкен музыкалық байқауы өтті. Гала-концертте әншілер мен вокалистердің орындауындағы әндер мен романстар, домбыра, қобыз, қыл-қобыз, бас-қобызда орындалған күй, поэмалар шырқалды. Барлық бағдарлама Мұқан Төлебаев атындағы Қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды.
Әсіресе, конкурсанттардың Гала-концерті жоғары кәсіби деңгейде өткенін ерекше атап өткен жөн. Әрбір туынды көрермендер тарапынан жылы қабылданып, эмоциялық әсер қалдырды. Конкурсқа Алматы, Астана, Талдықорған және басқа да өңірлерден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан қатысушылар келді. Концертте вокалдық шығармалар «Өмір өзен», «Әке», «Жаңа ғасыр вальсі», «Ауылдағы той», сондай-ақ, аспапшылар орындаған күй-поэма «Елге арнау», «Кең өлкем», «Сағым», «Әке арманы» және басқа да танымал туындылар орындалды.
Біз біртуар дарынды дирижердің композиторлық шығармашылығын әрдайым жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта тың дүниелерін, ән, күй немесе поэма болсын тыңдауға құштар екенімізді айтқым келеді. Мұны көрерменнің ықыласы деп түсініңіздер. Талантты композитордың шығармашылығы тыңдармандарын қуантып, шабыттандырып жатқандығының куәгеріміз.
Оның туындылары қарапайымдылығымен, тереңдігімен және мелодиялық байлығымен ерекшеленетінін атап өту керек. Шығармаларында қазақтың халықтық музыкалық дәстүрлері мен қазіргі заманғы музыкалық формалар үйлесім табады. Әрбір шығармасы терең мағынаға ие болып, қазақ мәдениетінің ерекше қырларын бейнелейді, сонымен бірге әртүрлі ұрпақтар мен ұлт өкілдеріне де түсінікті.
Композитор домбыра, қобыз, қыл-қобыз сияқты қазақтың ұлттық аспаптарының мүмкіндіктерін толық пайдаланып, терең мазмұнды туындылар жасайды. Күйлері мен әндері қазақ музыкасының алтын қорына енген және олар болашақ ұрпаққа үлгі.
Әли Алпысбаевқа шабыттың сарқылмас бұлағын, жаңа шығармашылық белестерді және жарқын жетістіктердің шыңынан көрінуді тілейміз. Оның өнері қазақ елінің музыкалық мәдениетін байыта беретініне сенеміз. Әсем музыкасы үлкен сахналар да ғана емес, халықтың жүрегінде де шырқалып, мәңгілікке сақталсын деген тілек айтамыз.
Болат МУСТАФИН,
ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі,
профессор, музыкатанушы