Айыппұл салынады, тариф қымбаттайды: Желтоқсанда тағы не өзгереді?

Уақыты: 29.11.2024
Оқылды: 240
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Желтоқсанда бірқатар маңызды жаңалық болады. Massaget.kz тілшісі осы жаңалықтарға шолу жасады.

Көлік әкелу тәртібі өзгереді

Желтоқсаннан бастап заңды тұлғалардың көлік әкелу тәртібі өзгереді. Көлік 3 жылдан аспаса, оны әкелу үшін көліктің типі мақұлдануы қажет (КҚТМ бойынша). Көлікті әкелгенде оның ЕАЭО кедендік аумағына сәйкестігі міндетті түрде бағалануға тиіс, яғни көліктің техникалық талаптарға сай екені тексеріледі. Көлікті шетелден әкелуге тек арнайы мақұлдауы бар, КҚТМ рәсімін өткізген тұлғалар немесе компаниялар құқылы болады.

Бұл шара 2024 жылғы 1 желтоқсаннан бастап енгізіледі.

depositphotos.com

Ұялы байланыс операторлары қымбаттайды

Желтоқсанда кейбір ұялы байланыс түрлері мен интернет қымбаттайды. Kcell (Activ брендінің иесі) 13 желтоқсаннан бастап Kcell мен Activ-тегі 18 тарифтің құнын өзгерту жоспарланғанын мәлімдеді.

"Тариф шарттарына байланысты орташа есеппен 6-дан 25 пайызға дейін (орта есеппен 400 теңге) өседі", - деп хабарлады Kcell.

Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Жылдамдыққа байланысты айыппұл салынады

2024 жылғы 4 желтоқсаннан бастап Қазақстанда халықаралық және республикалық тасжолдарда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салынатын жаңа ереже күшіне енеді.

Түзу жолдарда белгіленген жылдамдықты асырған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұлдар 5-тен 40 АЕК-ке дейін өзгереді, бұл жылдамдықты асыру дәрежесіне байланысты 18 460-тан 147 680 теңгеге дейін болмақ.

40 АЕК айыппұл жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асырғандарға қолданылады.

depositphotos.com

Қашанға дейін көлік дөңгелегі ауыстырылуы керек?

Көлік жүргізушілері жазғы шиналарын ауыстырмаса, 1 желтоқсаннан кейін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес 5 АЕК (18460 теңге) мөлшерінде айыппұл арқалайды.

depositphotos.com

Желтоқсанда қазақстандықтар қанша күн демалады?

2024 жылдың соңғы айында бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 10 күн демалады.

Биыл 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні дүйсенбіге тұспа-тұс келеді.

  • 14 желтоқсан, сенбі: алты күн жұмыс істейтіндер үшін жұмыс күні және бес күн жұмыс істейтіндер үшін демалыс күні;
  • 15 желтоқсан, жексенбі: әдеттегі демалыс күні;
  • 16 желтоқсан, дүйсенбі: Тәуелсіздік күні (барлығына демалыс).

Биыл 30 және 31 желтоқсан да жұмыс күндері. 

Желтоқсан әртүрлі салада атап өтілетін кәсіби мерекелер де бар:

  • 5 желтоқсан - адвокатура күні;
  • 6 желтоқсан - прокуратура күні;
  • 15 желтоқсан - энергетиктер күні;
  • 22 желтоқсан - мұрағатшылар күні.

Оқушылар қанша күн демалады?

Екінші тоқсанда оқу уақыты - 8 апта. Қысқы каникул 2024 жылғы 30 желтоқсанда басталады, 2025 жылғы 8 қаңтарға дейін 10 күнге жалғасады. Демек оқушылар желтоқсан, қаңтарда 10 күн демалады.

"Астана" мен "Челси" ойын өткізеді

"Астана" мен "Челси" арасындағы ойын 12 желтоқсанда Алматының Орталық стадионында өтеді. Билеттер сатылымға шығарылды.

"Астана" ФК

Желтоқсанда ауа райы қандай болады?

Желтоқсанда қар жауып, боран соғып, жел тұрады. Елдің оңтүстігінде жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде жауады, ал таулы аймақтарда қалың қар жаууы мүмкін.

Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде көктайғақ болып, тұман түседі. Ауа температурасы былай өзгереді:

  • Солтүстікте және орталықта: түнде -18...-23 градустан -7...-12 градусқа дейін, күндіз -4...+1 градустан -8 ...-13 градусқа дейін. Айдың екінші жартысында түнде аяз -25...-37 градусқа дейін күшеюі мүмкін, ал күндіз -15...-25 градусқа дейін өзгереді.
  • Оңтүстік және оңтүстік-шығыста: түнде -10...-18 градустан 0...-5 градусқа дейін, күндіз 0...-5 градустан +3...+12 градусқа дейін өзгереді. Желтоқсанның соңында түнде -15...-22 градусқа дейін аяз болуы мүмкін және күндіз -5...-13 градус аяз күтіледі.

Tengrinews.kz / Алихан Сариев

 

Фото: Коллаж: Tengrinews.kz, depositphotos.com, midjourney