«ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ»: АҚ ЖАУЛЫҚТЫҢ КИЕСІ

Уақыты: 04.01.2025
Оқылды: 2968
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елімізді дүрліктірген Қаңтар қасіретіне 3 жыл. Бейбіт басталған митингтің соңы қарулы қақтығысқа ұласып, арандатушылардың кесірінен қаншама адам ажал құшты.

Тарих бетінде «Қаралы қаңтар» деген атпен қалған сол бір күндері Талдықорғанда да лаңкестер лаң салып, елдің ойранын шығармақшы болды. Ұлтқа қауіп төнген шақта болашақ ұрпақ арандатушыларға еріп, қырылып қалмасын деп ақ жаулығымен қанды қырғынды тоқтатқан Нағима СЕЙТБАЛАНОВА есімді ананың батырлығы жайлы естіп пе едіңіз?! Білмесеңіз, танысыңыз, біз Құрмет орденін кеудесіне таққан батыр ана жайлы жазуды жөн көрдік.

Еңбек ауылында тұратын ақ жаулықты ана елдің орталық алаңға митингіге жиналып жатқанын 4 қаңтар күні балаларынан естіпті. Ана жүрегі бір сұмдық болатынын сезгендей, түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмайды. Бар ойы алаңға шыққан жастарда. «Митингіге шығамыз деп жастар бір нәрсе бүлдіре ме?», «Арандатушылар болса ше?», «Жас басы көкектей солып, қыршыннан қиылып қалмай ма?». Шым-шытырық ой маза бермеген соң ұлт қамын ойлаған ана төсекте ұзақ жата алмады. Елдің, болашақ жастардың ертеңі үшін деп таң атпай қойнына ақ орамалды салып, орталық алаңға қарай бет алады. Қаңтардың қақаған аязына қарамастан Еңбек ауылынан Талдықорғанға жаяу жолға шығады.

 – 5 қаңтар. Таң әлі ата қойған жоқ. Балаларыма айтпай, олар ұйықтап жатқанда Еңбек ауылынан жаяу орталық алаңға шықтым. Жарты жол жаяулатып, өткен көліктерді тоқтатып жүріп, сағат 8-де алаңға келдім. Жан-жақтан қарақұрым адамдар жиналып жатыр екен. Дүйім жұрттың арасында жас балалардан бастап ауыр аяқ әйелдер, қарттарға дейін жүр. Арасында арандатушылар да бар. Солардың бірі облыс әкімдігін өртеп, енді бірі көлікпен 5 литрлік бөтелкемен су әкеліп алаңның ортасына үйіп жатты. Бір топ сақалы қаузадай еркектер жиылғандарға «мына суды ішіп алыңдар» деп бұйырады. Шошып кеттім. Жан дауысым шықты. Жастастарға ішпеңдер деп айқай салдым. Менің дауысым қатты шықты ма, қарақұрым халықтың ішінде жүрген жастау бір жігіт: «апа жасыңыз үлкен ғой басу айтпасаңыз арандатушылар мына жердің быт-шытын шығарады», – деді. Сасқанымнан, қасыма алаңда жүрген үлкен кісілерді басу айтайық деп шақырдым. Барлығы ат тонын ала қашты. Түс ауа сақалы қаузадай бір топ еркек «қазір бізге көмекке 200 адам келеді» деп айғайлады. Мен шамданып, мында ешкім әскер күтіп тұрған жоқ, олар не үшін келеді дедім. Арасынан біреуі «сен кемпір кетсеңші, бізге маза бермедің» ғой деп қабақ шытты. Сөйтті де халыққа «Қала бос қалды. Біз уақытша Үкімет құрайық» деп қара құрым халықты бір тобырға жинады. Мені де жазшы деп едім «Мына кемпір мазамызды алды ғой» деп бір жігіт едіреңдеп, дөрекі сөйледі. Ішіндегі біреуі «бастан кеткен кемпір ғой, мән берме» деп әлгіні алып, І. Жансүгіров сарайына кіруге шақырды. Артынан 30 шақты еркек қоса ерді. Менің күткенім де сол еді. Әлгілер кете сала мойнымдағы ақ орамалды суырып алып, тізерлеп отыра қалдым да ұлдарым-қыздарым менің де сендер сияқты балаларым бар, өздеріңе тиесілі ғимаратты неге өртейсіңдер. Мынаның барлығы сендер үшін салынған. Үйлеріңде аналарың, балаларың жылап қалды. Қантөгістің арты жақсылыққа апармайды деп Желтоқсан оқиғасындағы қырылған боздақтарды еске алып, бірлікке шақырдым. Сөзімді ұйып тыңдағандар мені көтеріп алып, анамыздың айтқаны жөн деп басу айтып тарқасты. Қара сөздің қадірін ұққан халық тарқаған соң бұл менің ерлігім емес, ақ жаулықтың киесі деп жаяулатып үйіме қайттым, – дейді Нағима апа.

Үйіне келсе балалары анасын жан ұшыра іздепті. Анасы балаларына болған оқиғаны айтып, оларға да арандатушыларға еруге болмайтынын түсіндірген.

 Бір қолымен бесікті, екінші қолымен ел тыныштығын тербеткен ана ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Арада біраз уақыт өтіп, барлығы тынышталған соң Мемлекет басшысының тапсырмасымен ержүрек ананың кеудесіне сол кезде облыс әкімі Қанат Бозымбаев Құрмет орденін тағыпты. Батыр ананың ерлігін бірі білсе, бірі білмейді. Себебі, көзсіз ерлікке барған анаға марапатты жұрттың көзінше емес, қиын жағдайға байланысты жеке өзіне ғана табыстапты. Кейіпкерімізде марапат алдым деп жарияға жар салмаған. Себебі ол – елін ойлаған әрбір ана осындай қадамға баруы тиіс дейді. Ұлт қамын ойлаған батыр ананың ерлігі көпке үлгі.

Намысын бермеу үшін жатқа қолдан.

Арулар аз болды ма атқа қонған,

Көңілде қалған сыз бар өткен күннен,

Өмірде қалған із бар Ақтабаннан, – деген өлең жолдары Нағима сияқты батыр аналарымызға арналғандай.

Айдар ҚАЛИЕВ