Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында заман талабына сай 150 орынды Мәдениет үйі бой көтереді.
Жаңа жылды ақ жолтай хабармен бастаған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Жауаптылардың сөзінше, жаңа Мәдениет үйінде жастар мен басқа да барлық тұрғындар өздерінің шығармашылық қабілетін шыңдап, білім мен тәжірибе жинақтауға бар мүмкіндік жасалмақ. Жалпы ауданы 1 228,6 шаршы метр ғимаратта әртүрлі үйірмелер мен ауылдық кітапхана орналасады. Құрылыс жұмыстары биыл көтемде басталып, жыл соңына қарай ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде құрамына бірнеше елді мекен енетін, 200 мыңға жуық халық шоғырланған Еркін ауылдық округінің 90 жылдан астам тарихы бар. Аймақта елдің әлеуетін арттыратын тың жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ауылдағы жол инфрақұрылымы жыл санап жақсарып, аулалар абаттандырылып, көшелер жарықтандырылып, көгілдір отынмен қамту деңгейі де артқан.
– Ауылымыз бұған дейін жайлы мектеп, балабақша, аурухана, мешіт, саябақ және халыққа қызмет көрсету орталығы сынды әлеуметтік нысандармен толық қамтылған. Ал, жаңадан мәдениет үйін тұрғызу ауыл тұрғындарының көптен бергі арманы болатын. Енді, міне, халықтың ол талабы да орындалып, салынғалы жатқан мәдениет үйінде түрлі іс-шараларды, ауылдың бас қосуларын, өнерпаздардың әуезді кештерін тамашалауға мүмкіндік туып отыр. Ауыл жұрты үшін осындай жақсы жұмыстарды атқарып жүрген аймақ басшыларына айтар алғысымыз шексіз, – дейді ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тортай Ізбасқанов.
Айдын КӘЛІМХАН