Тренд пе, сленг пе?

Уақыты: 21.01.2025
Оқылды: 318
Бөлім: КҮНДЕРЕК

XIX ғасырда ресейлік шығыстанушы-түрколог В. Радлов: «Әлем тілдерінің ішінен тек 3 тілдің ұлылығын мойындадым. Ол – орыс, француз және қазақ тілі» деп жазған.Ал шығыстанушы Платон Мелиоранский: «Түркі тілдерінің ішінде ең байы – қазақ тілі екенін бүкіл зерттеуші мойындаған», – деп ана тіліміздің ұлылығына бас иген.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде 3 мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек», – деп қазақ тілінің ерекшелігі мен мүмкіндіктерін айырықша атап көрсетті.

Қазіргі таңда ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен. Ал қытайлар болса 87019 иероглифті қолданады. Демек, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің төрінен орын алады.
Өкінішке қарай, көбіміз осындай ғажап тіліміздің қадіріне жетіп, қастерлей алмай жатырмыз. Оның бірден-бір дәлелі – жастар арасында кеңінен таралған жаргон сөздер мен сленгтердің жиі қолданылып, тілімізді шұбарлауы. 

Сленг алғаш 1750 жылы «көше тілі» ретінде тіркелген. Ағылшын лексикографиясында «сленг» термині шамамен ХІХ ғасырдан бастап кең қолданысқа ие болса, 1850 жылдан бері бұл термин ауызекі тіл лексикасының заңсыз атауы ретінде кеңінен қолданыла бастады. 

Дж. Б. Гриноу жəне Дж. Л. Киттридж сленгке: «əдеби тілдің айналасын торып, ақсүйектер қауымына жол іздеген қаңғыбас тіл» деп анықтама берген.

Әдетте сленгтер өзге тілден енген сөздер немесе ешбір грамматикалық заңдылықсыз қысқартылған сөздер болады. Ағылшын не орыс тілдерінде сленгтер бұрыннан қолданылып жүр. Ал, мұндай сөздердің қазақ тіліне енуі мен кеңінен қолданылуына әлеуметтік желі мен мессенджерлердің ықпалы зор. Жастардың пікіріне сүйенсек, басым бөлігі сленгтерді ортаға ерекше әсер қалдыру үшін, даралану үшін, әңгімесін ересектер түсініп қоймауы үшін, өздерінің заманауи екенін көрсету үшін пайдаланады екен. 

Солардың ішінде жиі қолданатын тіркестерге тоқтала кетсек: «жиза» – орысша «жизнь», яғни «өмір» деген сөздің қысқарған түрі, «изи» – ағылшынша «easy» деген сөзді оқылуы бойынша қолдану, аудармасы «оңай» деген мағынаны білдіреді, «краш» – ағылшынның «сrush» деген сөзінен шыққан. Біреуді сыртынан ұнату, бір тараптың ғана жақсы көруі, «кринж» – ағылшын тілінен аударғанда «cringe» сөзі – ұят деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл – басқа адамның әрекеті үшін ұялу.

Сленгтерден бөлек, жастар арасында жиі кездесетін жаргондар да жетерлік: «құлаққа лапша ілу» – алдау, «тормозить ету» – шешім қабылдауға күмәндану, «жынды көйлек» – ерекше сәнді көйлек, «базар жоқ» – тамсану немесе бір нәрсеге сенімді болу, «миды ашыту» – көп сөйлеу, «картопты жару» – елді аузына қарату, «теряться ету» – қобалжу, «сущняк» – сусын, «қатаю» – тәкаппарлану, т. б.

Қоғамдық орындарда отырғанда құлағың шалып қалатын «Че там, брат?», «Че там, родной», «Қумашы, брат!» деген сөз тіркестерінің өзі құлаққа түрпідей тиеді. Әдемі де шұрайлы ана тіліміздің сиқын кетіріп, құбыжық кейпінде көрсететін жаргондарды естіп, бай тіліміздің қорланып жатқанынан жаның күйеді.

Жаһандану заманында сүзгіден өтпеген ақпарат ағыны сөздік қорымызға еніп, тіліміздің шырайын бұзып жатыр. Біз таза қазақы болмысымызды сақтағанда ғана ұлт ретінде мықты бола аламыз. Өйткені тілі өлген ұлттың  өзі де жер бетінен жоғалары анық.

Тик-токтағы, әлеуметтік желілердегі жеңіл әңгімелер, кей арзан ойын-күлкіге құрылған теледидардағы бағдарламалар, қоршаған орта жасөспірімдердің өмір сүру салтына, сөйлеуі мен өзін ұстауына кері әсер етпей қоймайды.

«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Сондықтан, тіл тазалығын сақтауды өзімізден бастайық. Ана тілімізде таза сөйлеп, пайдалы контент жүктеп, әуезді үні мен бай мазмұнын қалпында сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттау – сіз бен біздің қасиетті борышымыз!

Мөлдір ҚУАНДЫҚ,
облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының 
бөлім басшысы

Фото: aikyn.kz