Көп ұзамай көктем де келеді. Бұл мезгіл әсіресе шаруалар үшін аса қарбалас шақ. Өйткені олар екі білегін сыбанып, қолда бар техникасын жөндеп, жер жырту, егін егу қамына кіріседі. Сөйтіп, қара жерге дән сеуіп, дала төсін дүбірге бөлейді.
Көктемгі науқанға дайындық қазір қалай жүруде? Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы қызметкерлері берген мәліметке сәйкес, дала жұмыстарына әзірлік барлық талапқа сай орындалуда. Белгілі болғандай, биыл ауылшаруашылығы дақылдарының егіс алқабын 510,7 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біраз жоғары.
Мәселен, 295,3 мың гектарға дәнді дақылдардың тұқымы себіледі. Оның 98,5 мың гектары бидай, 155,4 мың гектары арпа, 40,1 мың гектары дәндік жүгері, 1,2 мың гектары күріш, 1,1 мың гектары басқа да дәнді дақылдарға арналмақ. Сонымен бірге 89,75 мың гектарға майлы дақылдар, 12,5 мың гектарға қант қызылшасы, 8,9 мың гектарға көкөніс пен бақша дақылдары, ал мал азығы дақылдарына арналған алқап көлемі 97,2 мың гектарды құрайды. Ал картоп 6,7 мың гектарға отырғызылмақ.
Жоспар бойынша 373,8 мың гектарға жаздық дақылдарды себу үшін көктемде 246,8 мың гектар жер жыртылып, 127,0 мың гектар сүдігердің ылғалы жабылады. Сондай-ақ, 136,9 мың гектар өткен жылғы көпжылдық шөптер мен күздік дақылдар тырмаланады. Бұған қажет 52,1 мың тонна ауылшаруашылығы жаздық дақылдардың тұқымы толық дайын.
Жоспарланған 12,2 мың гектар қант қызылшасын себуге 17,0 мың себу бірлігі көлемінде тұқым қажет. Оның басым бөлігі Көксу қант зауыты және «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қамтамасыз етіледі. Дала жұмыстарының сәтті жүруіне ауылшаруашылығы техникаларының сақадай-сай жұмыс атқаруы аса маңызды. Осы орайда көктемгі науқанға трактор, соқа, сепкіш, жер тырмалары, қопсытқыш сияқты барлығы 20 621 техника қатысады.
Қазір олар жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жұмыстар наурыз айының ортасында толық аяқталады. Көктемгі дала жұмыстарына жанар-жағармай ауадай қажет. Осыған байланысты 577 шаруа қожалығынан барлығы 6,1 мың тонна дизель отынына өтінім түскен. Айта кетейік, жалпы облысқа 5,5 мың тонна дизель отыны бөлінген. Мәселен, наурыз айында 960 тонна, сәуір айында 2400 тонна, мамыр айында 2160 тонна жұмсалады. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Айгүл Байжұмақызы
Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ