Құрылысшы кәсібіне баулыды

Уақыты: 13.02.2025
Оқылды: 389
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Бала айтқанды емес, көргенді істейді». Бұл – рас пайым. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген де бар. Не ұл, не қыз деп жатқан жоқ. Әкеден тәлім алған ұл да, қыз да оқ жонады, шеше көрген ұл мен қыз тон пішеді дегенмен астасып жатыр. Айтқанды істегеннен гөрі көргенді тағылым тостақанына толтыратын ұрпақ тәрбиелеуде қазақтың таным-пайымын сарапқа салған жөн. Кейбір қоғамдық институттар тіпті осы тағылым әдісін қолданып та келеді.

Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» жобасы аясында «Мамандығым – мақтанышым» диалог алаңы өтті.

Жобаның атауы тым ресми болғанмен мақсат – жастарға әр салада жетістікке жеткен азаматтар мен мамандардың өмірін үлгі ету, мамандықтың қыр-сырын жете түсіндіру. Бұл жолы облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің мамандары №28-29 мектептің оқушыларын «Гакку-құрылыс» ЖШС-ның құрылыс алаңына апарды. Серіктестік басшысы Шамиль Ибрагимов буыны қатпаған жас- өспірімдерге құрылысшы мамандығының қыр-сырын жете түсіндірді. Танымын кеңейтіп, кей оқушының бойында салаға деген қызығушылығын оятты. Солардың қатарында Әлімжан Әміре де бар. №29 мектептің 11-сынып оқушысы архитектураға ықыласы ауғанын да жасырмады.

– Бұл кездесуге дейін басқа салаға қажетті маман болуға дайындалып жүргенмін. Шамиль Ибрагимовтың құрылыс саласы бойынша айтқан қызықты әңгімелері қанатыма екпін бітіргендей болды. Ойлап қарасам, бізде архитектура аса бір дами қоймаған. Тұтас Қазақстанды алсақ, дизайндық тұрғыда ерекшеленетін бірер нысан ғана бар. Олардың дені Елордада. Өзге қалаларда ғимараттардың сыйқы ұқсас, бір типтік. Қазірден бастап ізденіп, қазақ архитектурасының ХХІ ғасырдағы озық туындысын жасауды қолға алсам. Мәселен, ер-тоқымға ұқсас бір ғимараттың іргесін қаласам, – дейді оқушы. 

Кездесуде оқушылар серіктестік қызметкерлеріне сұрақтар қойып, ойларын да ортаға салды. Шамиль Ибрагимов қазір Талдықорған қаласындағы көпқабатты үйдің құрылысын 100-ге жуық құрылысшы жүргізіп жатқанын, қыс мезгілі болған соң ғимараттың ішкі жұмыстарымен айналысып жатқанын алға тартты. Құрылысшылардың 70 пайыздан астамы жастар екен. Жастарды еңбекке баулуды мектеп қабырғасында бастау керегін де тілге тиек етті.

– Баланы жастайынан еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу керек. Қазір мектеп балалары еңбек етуден ада. Кеңес заманындағы, кейінгі Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген 1990-2000 жылдары да балалар еңбек етуге машықталатын. Қазір бала еңбегін қанау деген шықты. Әрине, бұл да қуанатын жайт. Қиын-қыстау сәтте балалар масақ теріп, егін егіп, маңдай терлететін. Жастайынан бейнет көретін. Қазір заман тыныш. Қажетті жұмыс күші де бар. Дейтұрғанмен, еңбек адамды ширатады. Мектеп балалары қайтадан сенбілікке шығып, еңбек ететін болса екен. Құрылыс саласы лай тасып, тас қашайтын ғана мамандардан тұрмайды. ІТ мамандар да қажет. Жобалар жасап, сызбамен айналысатын мықты технологтар салаға жетіспейді, – дейді серіктестік басшысы. 

Танымды кеңейткен шарадан оқушылар қанаттанып қайтты. Бастысы, саланың қыр-сырынан аз да болса тағылым алды.

Дастанбек САДЫҚ
Фото: «Қоғамдық келісім» КММ