ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ

Уақыты: 13.02.2025
Оқылды: 335
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемде 250-ден астам ұлт болса, оның жүзден астамы қазақ даласында отау тігіп, оттарын жаққан. Олардың қазақ тіліне деген қызығушылығы күніге артқан сайын менің де құрметім күшейіп, мәртебем асқақтайды. Ана тілімізді терең меңгеріп, оны жоғары деңгейге көтеру бұл қара шаңырақ астындағы әрбір жанға парыз. Ұлтымыздың бай мұрасын сақтап, дамытуға үлес қосу –  ар-ожданның ісі. 

Соңғы жылдары қазақ тілі пәнінен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болу менің өмірімде ерекше орын алды. Білімімді одан әрі тереңдетуге мүмкіндік берді. Әрбір додаға түсу жаңа бір серпін сыйлап, өзіме деген сенімділікті арттырды. Бұл үлкен мақтаныш екенін айтқаным жөн. Жеңіс тұғырынан көріну  мені одан әрі ізденуге, тереңірек білім алуға ынталандырды.

Қазақ тілін терең меңгеру менің болашақта қоғамға, мәдениетке және елімізге үлкен пайда әкелетін азамат болуыма ықпал етеді. Алдағы уақытта түрлі жарыстарға қатысып, жаңа биіктерді бағындыруға алған білімім мен тәрбием көмектеседі деп сенемін.

Әлемдегі ең бай, ең әдемі тіл біздің тіл. Ол 160 000-нан астам сөзді қамтиды. Оның тарихи тамыры терең екенін есті жанның әрқайсысы біледі. Ал, тамыры терең ағашты қанша балталап шапсаң да оның түбі көктеп шығатыны сияқты бұл қарым-қатынас құралы да өзінің өміршеңдігін әрдайым танытып отыр.

Елдана СЕРІК,
Рудничный ауылы
№7 орта мектептің 9-сынып оқушысы