Дала жұмыстарына дайындық

Уақыты: 15.02.2025
Оқылды: 326
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында  облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев төрағалық еткен жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселе көктемгі дала жұмыстары, ауылшаруашылығындағы қордаланып қалған шаруалар болды.

Отырысқа облыстық басқарма басшылары, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, Сарқан ауданы әкімі Ғалымжан Маманбаевтан бөлек, Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық басшылары, ветеринария саласының басшылары мен мамандары қатысты.
Ең алдымен, негізгі баяндаманы облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев жасады. Баяндамада егін шаруашылығында 2024 жылы егіс алқаптары 510,1 мың гектарды құрағаны, оның ішінде дәнді дақылдар 294,2 мың майлы дақылдар 88,5 мың, картоп 6,5 мың  қант қызылшасы 13,7 мың гектар, сондай-ақ, көкөніс-бақша дақылдары көлемінің де ұлғайғаны атап көрсетілді.

Облыста негізгі дақыл саналатын қант саласын дамыту бойынша былтырғы жылы қант қызылшасы 13,7 мың гектарға егіліп, жоспар 119,1%-ға орындалған. Жалпы, 635 мың тонна өнім алынып, 90 мың тонна қант өндірілген. Бүгінгі таңда облыста қант қызылшасы бағытындағы 25 сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді. Олар 442 бірлік техникамен қамтылған. Оның сегізі 2024 жылы 5 ауданда  жаңадан құрылып, 62 бірлік техникасы шаруашылықтарға лизингке берілген.

Нұрдәулет Сағадиұлының сөзінше, бүгінгі күні жалпы сыйымдылығы 162 млн. текше метр болатын жаңа 8 су қоймасын салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленуде. Нәтижесінде алдағы 5 жылда облыста 45 мың гектар жердің сумен қамтылуы жақсарса, 24 мың гектар айналымға қайта енгізіліп, 5,3 мың гектар жаңа жерлер қосылмақ.

Содан кейін ауылшаруашылығындағы жерді пайдалану жағдайы бойынша және игерілмей жатқан жер телімдерін қайтару тәртібі туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпеков баяндама жасады. Сонымен қатар, жиында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Жамаубаев басқа өңірлерде жағдай тұрақты болғанмен Ақсу, Сарқан аудандарында жұқпалы аурулардың көбейіп кеткеніне қынжылыс білдірді. «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының директоры Саят Құдайбергенов, «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ облыстық филиалының басшысы Мұхит Жуасбай, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының басшысы Талғат Мамырбаев, Ақсу қант зауытының басшысы Самат Нәдірбаевтың өз салалары бойынша баяндамалары тыңдалды. 

Қаралған мәселелер бойынша өз пікірін білдіріп, толықтырып отырған Әлібек Әскербекұлы жиынды қорытындыламас бұрын жиынға қатысушылардың қойған сұрақтарына тұшымды жауап берді. Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары  өз тарапынан күн тәртібінде көтерілген мәселелерге байланысты кейбір мекеме басшыларына, келген қонақтарға сауал тастап, жұмыстың барысына ден қойды.

Жиын соңында қорытынды жасаған Әлібек Әскербекұлы былтыр қант қызылшасын зауытқа өткізу кезінде кеткен кемшіліктер биыл қайталанбайтынын, мал өнімін адам тұтынатындықтан жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізу қажет екенін айтып ветеринар мамандарға өз жұмыстарына салғырт қарамауды тапсырды. Тәтті түбірді сепкен аудан, шаруа қожалығымен нақты кесте жасалынып, көктемгі егіс кезінде ауыспалы егістікті қолдану, агротехнологиялық шараларды қатаң ұстану, вегетациялық кезеңнің дайындық жұмыстарын жасау, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді қолынан іс келетін, мүмкіндігі бар жандарға ұсыну қажеттігін, ауыл, аудан әкімдеріне туындаған мәселені дер кезінде қарастыруды жүктеді. Сонымен қатар, агро-өнеркәсіптік кешеннің жағдайы мен көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы туралы ғана емес, несие, субсидия, егістерді суландыру жағдайы да сөз болды. Жиын күн тәртібінде көтерілген мәселелерді жан-жақты қамтуымен құнды болды.

Жақсылық ИГІМАН
Фото: freepik.com