«Аяшки» тұшпарасы

Уақыты: 15.02.2025
Оқылды: 363
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Соңғы уақытта нарықта мұздатылған тағамдарға деген сұраныс көбейіп келеді.

Бұған халық санының, тіршілік қарқынының және тұтынушылардың тағам әзірлеуге жұмсалатын уақытын үнемдеуге деген ұмтылысының артуы ықпал етуде. Осыны білетін Зәуреш Байжанова жартылай әзірленген тағам түрлерін өндіру кәсібін қолға алды. Жеке кәсіпкердің бұл сала бойынша 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Ол 2022 жылға дейін «Уральские» брендімен жартылай фабрикаттарды өндіріп, сату қызметімен айналысты. Ал 2022 жылы кәсіпкер брендпен бірге бизнесін сатты.

Бір жылдан соң бизнесін қайта қолға алуды жөн көріп, Талдықорған қаласында цех сатып алды. Сөйтіп, «Аяшки» жаңа сауда белгісімен жартылай әзірленетін фабрикаттар қайта шығарыла бастады. Бұл тағам түрлері аймақта өте танымал. 

– Өнім сапасына айрықша мән беріледі. Бұл – біздің қызметтегі негізгі қағидатымыздың бірі. Әсіресе тазалыққа баса назар аударылады. Мұның бәрі өндірілген өнімнің кепілі саналады. Сондай-ақ, біз шаруа қожалықтарымен жұмыс істейміз, – дейді кәсіпкер Зәуреш Байжанова.

«Даму» қоры мен екінші деңгейлі банктер арқылы мемлекеттік қолдау бағдарламалары бар екенін білген кәсіпкер айналым қаражатын толықтыру үшін несие алу мақсатында «Қазақстан халық банк» АҚ-на жүгінді. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде «Даму» қоры пайыздық мөлшерлемені субсидиялап, жетіспейтін кепілмен қамтамасыз ету үшін кепілдік берді.

Қазір «Аяшки» брендімен манты, тұшпара, вареники сияқты тағам түрлері әзірленеді. Қолмен жасалатын өнімдерге сапалы әрі табиғи қоспалар қосылады. Осылайша, жартылай дайындалған өнімдер Талдықорған қаласындағы дүкендер арқылы тұтынушыларға жетеді.
 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Талдықорған қаласы