Талдықорғандағы азаматтарды қабылдау орталығында тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Айдос Дауешов азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Қабылдауға бірнеше тұрғын келді. Бәрінің көтергені бір мәселе. Қаланың 13 тұрғыны «Жаңа-Сана» ЖШС коммуналдық қызмет көрсету мекемесінің жұмысына көңілдері толмайтынын айта келіпті. Арызданушылардың сөзінше, серіктестік қоқысты апта сайын әкетудің орнына айына бір рет қана жинаған. Яғни, бір айда қоқыс аузы-мұрнынан шығып, иістеніп кеткен. Бірақ, серіктестік «Kaspi» қосымшасы арқылы тұтынушылардан төлемді апта сайын алып отырған. Қызметке кейіген тұрғындар мекемеге артық төлем аударуды тоқтатқан. Бірақ, «Kaspi» қосымшасында олар борышкер болып көрініп тұр. Тұрғындар осыған наразылығын білдіріп, тұтынушылар құқын қорғайтын мекемеге қарыздарды жою туралы шешім шығаруды сұрап келіпті. Бір таңғаларлығы «Жаңа-Сана» ЖШС тұрғындармен қағаз жүзінде келісімшарт жасамаған. Яғни, қызмет көрсетулерінде шикілік бар.
Құжат заң жүзінде рәсімделмегендіктен тұтынушылар олардың кемшілігін көрсетіп, заңға тарта алмай келеді. Департаменттің басшысы Айдос Дауешов «Жаңа-Сана» ЖШС-нің заңсыз әрекеттерін дәлелдеу үшін тұрғындар шағымын құқық қорғау орындарына тапсыратынын айтты. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындарға қызмет көрсететін мекеме, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысуда. Сондай-ақ, халықтың сауда-саттық жасаудағы құқы жөнінде де ақпарат таратуда.
Жанат ҚАЛДЫБАЕВА
ЖУ-дің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің студенті
Фото: egemen.kz