Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Наурыз мейрамымен құттықтауы 

Уақыты: 22.03.2025
Оқылды: 438
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құрметті  Жетісу облысының тұрғындары!

Көктемнің шуақты мерекесі – әз Наурыз мейрамына орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар! 

22 наурыз – күн мен түн теңелетін, Шығыс күнтізбесінде жыл басы саналатын ерекше күн. Көне тарихтың қойнауынан тамыр тартқан Ұлыстың ұлы күні табиғаттың қайта түлеуімен қатар  адамзат пен қоршаған ортаның үйлесімде өмір сүруіне, рухани жаңғыруға және мәдени мұраларымызды берік сақтауға үндейді. 

Ата-баба даналығын дәріптей отырып, «Наурызнама» онкүндігінің әрбір күні қазақ халқының өмір салты мен дәстүрін паш ететін символдық мәнге ие болды. Оған қоса биылғы «Көрісу күні» Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтай жиынымен тұспа-тұс келіп, онда тіл, тарих, мәдениет және ұрпақ тәрбиесі сияқты дәстүрлі құндылықтарымызды жаңғыртуға ерекше мән берілді. 

Өзінің ынтымағы мен бірлігін берік тұғыр еткен жетісулықтар қоғам өміріне, Наурызды мерекелеу іс-шараларына белсене қатысуда. Бәріміз бірге берекемізді танытып, айналамызға қамқор бола білсек, қиындықтарды еңсерумен қатар жақсы істердің жаршысы да бола аламыз. Күнделікті еңбегімізбен жеткен ортақ жетістіктеріміздің арқасында Наурызды жақсы көңілмен, жарқын сеніммен қарсы алып отырмыз. 

Сіздерге мықты денсаулық, қуаныш пен шаттық тілеймін. 

Наурыз әр шаңыраққа молшылық пен бақ-береке әкелсін. 

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! 

Фото: Жұмабай МҰСАБАЕВ