Қайда жүрсек те ұмытпаймыз

Уақыты: 24.03.2025
Оқылды: 412
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Күн мен түн теңеліп, адам баласы мен табиғат-ана қайта жаңғырып, түлейтін, татулықты ту еткен, кешірім мен мейірімнің, ізгілік пен ынтымақтың мерекесі – Ұлыстың ұлы күнін қазақ елі асыға күтеді. 

Бұл дәстүр біздің қанымызға сіңіп қалған. Қазақстанда туып, өскендіктен біз де Германиядағы қазақтардың басын қосып, шуақты мерекені тойлауға асығамыз. Татулықты ту еткен, береке-бірлікті жыр еткен Ұлыстың ұлы күнінің өзге мерекелерден айырмашылығы – адамдарды кешірімді болуға баулиды. Ең бастысы, халықты араз болмасын деп барлығын татулыққа тартатын күніміз таусылмасын! Осындай ынтымақты, береке-бірлігі жарасқан күні біз де киіз үйімізді тігіп, қазақы дастарқанымызды жайып керемет қылып тойлаймыз.

Мен Qazan e.V. неміс-қазақ қауымдастығының төрағасы болғандықтан Германиядағы қазақтардың басын қосып, наурыз тойын ұйымдастырамын. Германияға 20 жасымда келдім. Қазақтың ұлттық дәстүрлерінің көбін білемін.  Сондықтан, Ұлттық мерекелердің бірін қалдырмай тойлаймын. Германияда тұратын қазақстандықтармен осыдан үш жыл бұрын бірігіп, неміс-қазақ қауымдастығын құрдық. Алғашында бұл неміс-орыс қауымдастығы ретінде ашылған. Біз оның атауын өзгертіп, құжаттарын түзетіп, жаңа орта құрдық. Қауымдастық құрылғанға дейін Жаңа жыл, 8 наурыз, күзгі бал сынды мерекелерді де бірге тойлататынбыз. Кейін қауымдастық Qazan e.V. деп ресми атала бастаған соң Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтуді қолға алдық.

2018 жылы біз ұйымдастырған Наурыз мейрамын тойлатуға 400 адам келсе, келесі жылы бұл көрсеткіш мыңнан асып жығылды. Екеуінде де бұл ерекше мерекені жоғары деңгейде атап өттік. Наурыз көше тұрғындары бірігіп тойлайтын мереке болғандықтан  ашық аспан астында концерт қойып, таңертең сағат 11-ден бастап түнімен әз Наурызды атап өтеміз. Киіз үй тігіп, ет асып, наурызкөже әзірлеп, бауырсақ пен жеті шелпек пісіреміз. Дастарқанға міндетті түрде қымыз қоямыз. Ұлан-асыр той жасап, мыңжылдық құдаларымен қауышқандай төс қағыстырып көрісудің өзі татулықтың бір нышаны емес пе?! Біз тек қазақтарды ғана емес, осы елдің азаматтарын да қонақ қылып күтеміз. Себебі бұл достықтың, татулықтың мерекесі. Мәселен Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен қайын атасы арқылы жылқы бағуды, қымыз жасауды үйренген неміс Ганс Цольман біз ұйымдастырған шараға отбасымен қатысады. Ганс Франкфуртте қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған фотокөрмеге де қатысып, қолдау білдірді.

Біздің Штутгарт қаласының маңындағы Салах елді мекенінде 600 шаршы метрге жуық жеке аумағымыз бар. Көп іс-шараны сол жерде өткіземіз. Ғимараттың бірінші қабатында мейрамхана, ал екінші қабаттағы залдың біреуі киіз үй тәріздес қылып безендірілген. Есік алдында елден әкелінген үлкен киізүй тігулі тұр. Германияда ылғалды ауа райы болғандықтан киіз үйдің өңі «бұзылып» кетпесін деп, оны күтіп ұстауға тырысып жүрміз. Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу кезінде ұлттық ойындарымызды да ұмыт қалдырмаймыз. Наурызда киіз үйде тамақтанған соң сыртқа шығып, арқан тартыс ойнаймыз.

Дастарқанда қазы-қарта, жал-жая, кұрт-ірімшік, бауырсақ самсап тұрғанда, жер жаһанда қазақтың ұлттық тағамдарынан асатын ас болмас. Сондықтан біз дастарқанға тек ұлттық тағамдарды қоюға тырысамыз. Қазыны «Mercedes-Benz» компаниясының зауытында жұмыс істеп жүрсе де қазы айналдыруды сүйікті ісі санайтын Арман Болысбековтен аламыз. Ал жайма нанды осындағы неміс фирмасы әзірлеп шығарады. Наурыз мерекесіне қала әкімі де қатысады. Шаһар басшысы 2019 жылдан бастап қала күні мерекесін тойлауға бізді де шақырып,  арнайы орын беріп, ұлттық тағамдар мен киімдерді насихаттауға мүмкіндік жасап келеді.

Жалпы, алдағы уақытта Наурыз мейрамын 10 мыңнан астам адам қатысатын мереке деңгейіне жеткізгіміз келеді. Мұны көпшілік көрсе, бұл мереке туралы көп білсе дейміз. Сосын тек Штутгарт маңында ғана емес, Германияның басқа өңірінде, тіпті көршілес Швейцарияға барып ұйымдастырғымыз келетінін жасырмаймын. Қауымдастықтың жұмысы жылдан-жылға алға басып келеді, қызметкерлер саны да ұлғаюда. Алдағы уақытта діттеген мақсатымызға жетеміз деген ойдамын.

Көктемнің тұмса табиғатымен жарыса біз де шапанымызды жамылып, арулар камзолын киіп, таңсәріден көрші-қолаңды жиып,  наурызкөже дайындап мәре-сәре болып жатсақ керемет емес пе?! Үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты орнатып, қателікке кешіріммен қарауды, даналық пен ұлағаттылықтың үлгісін көрсетуді, салт-дәстүр мен әдет ғұрыпты сақтай білген күн баршаңызды шаттыққа бөлесін. 

Валерий ОСТВАЛЬД 
Qazan e.V. неміс-қазақ
қауымдастығының төрағасы