Наурызнаманың бесінші күні – Ұлттық киім күні Талдықорған қаласының тұрғындары қазақтың дәстүрлі шапаны мен қамзол киіп, орталық алаңға жиналды. Орнатылған алтыбақандарды жастар теуіп, алаңның ортасына тігілген киіз үй кештің бейнесіне көрік беріп тұрды.
Сахнада «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншілері мен бишілері өнер көрсетті. Мерекенің шарықтау шегі «Наурыз АРУЫ –2025» байқауында ең әдемі және ең лайық деп танылған он үміткер сайысқа түсті. Шараның негізгі мақсаты – жас арулардың келбетімен бірге табиғатынан берілген ақыл-парасатын, тәлім-тәрбиесін көрермендерге паш ету. Кештің көркін қыздыратын ұлттық стильдегі жас жігіттер мен қыздар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын бейнелейтін, өлкеміздегі мызғымас татулығы мен келісімін айшықтайтын би орындады. Сондай-ақ, сахнада Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушылары мен көрерменді қолданбалы өнерімен таңғалдырған әжелер ерекше құрметке ие болды. Өз қолдарымен жалпы ауданы 11200 шаршы метр құрақ көрпе жамылғысын тігіп, сол арқылы кезекті рекорд орнатты.
Қазылар алқасының құрамына Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл мен «Мисс Талдықорған – 2024» байқауының жеңімпазы Көркем Әбдіразақ кірді. Жарыс жеңімпазы ретінде бағы мен бабы қатар жанған Барлыбек Сырттанұлы атындағы № 25 орта мектептің 11-сынып оқушысы Еркежан Серікхан танылды. Қатысушылар ұйымдастырушылардың Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ