ДАРЫНДЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 15.04.2025
Оқылды: 189
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Оқушылар арасындағы білім деңгейін тексерудің бірден-бір жолы – олимпиада ұйымдастыру. Бұл жеткіншектердің білімге деген ынтасын арттырып, қызығушылығын оятады. 

Білім беретін пәндер бойынша 9-11-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың III кезеңінің мектепішілік байқауына 18796,  аудандық кезеңіне 5239, облыстық кезеңіне 474 оқушы қатысты. 238 қатысушы жүлдегерлер тізімінен табылды. Олардың 55-і І орыннан, 73-і ІІ орыннан, ал 110 оқушы ІІІ орыннан көрінді.

Жарыстың  басты мақсаты – оқушының шығармашылық қабілеттерін дамытып, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдету, өзін-өзі дамытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтау, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды iрiктеу және даярлау, білім берудің беделiн көтеру.

– Бүгін республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттап отырмыз. Әр пәнге байланысты үлкен қалаларда республикалық олимпиада басталды. Облысымыздың намысын қорғап жатқан оқушыларға сәттілік тілейміз. Тапсырманың барлығы оқушының білім алып жатқан стандарттарын қамтиды. Оқушының нақты білімімен жетістікке жетуі басты назарда. Олардың білімі жоғары бағалануы керек. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана облыстық кезеңде бақтарын сынады. Жылдан жылға оқушылардың деңгейі көтеріліп, білімге деген құштарлығы артқан, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбекұлы. Байқау дәстүрлі түрде жаратылыстану, математика,  физика, химия, биология, география, информатика және қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі сынды екі бағыт бойынша өтті.

– «Қазақстан тарихы» пәнінен республикалық олимпиадаға қатысқым келді. Ол мақсатым орындалды. Қалалық, облыстық бәсекеде I орынды жеңіп алдым. Дайындық жолында өзімнің жетекшім Әсем Құлдасовамен өте жақсы жұмыс істеп, жетістікке жеттім, – дейді №20 мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушысы Бермет Несіпжан.

Марапаттау кезеңінде жүлделі орын алған оқушыларға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, республикалық олимпиада Қызылорда қаласында өтеді.

Шалқар АҚСАҚАЛ
ЖУ студенті