АҒАШ ӨҢДЕЙТІН ЦЕХ АШПАҚ

Уақыты: 15.04.2025
Оқылды: 192
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық кәсіпкерлер палатасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіп келеді. 

Осы ретте облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев аудандарға барып, кәсіпкерлермен кездесу өткізуде. Жуырда Көксу ауданындағы Мұсабек ауылында болып, жалпы 18 гектар алқапта өсірілген тал-теректер мен қайыңды көрді.

Мұндай іспен қытай елінен көшіп келген Еркін Пидахмет айналысады. Ол 2008 жылы отбасымен облыс орталығы Талдықорған қаласына келіп қоныстанған. Кейіннен ауылдық жерге көшуге шешім қабылдап, Мұсабек ауылына келді. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарлама аясында өтеусіз негізде жер телімін алып, ағаш өсіріп, еңбегін жандандырды. Қазір оның Мұсабек ауылында терекке толы тоғайы бар. Бұл жер жыл сайын жаңа екпелермен толығып отырады.

Бүгінгі таңда тоғайда 16 мың жаңа терек отырғызылған. Еркін Пидахмет ағаштарды экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, сондай-ақ, құнды ресурс ретінде де пайдалануға болатынын айтады. Ол «Таза Қазақстан» акциясын белсенді қолдайды. Кәсіпкер енді ағаш өңдеу цехын ашуды көздеп отыр. Қазір оның учаскесіндегі 10 мың терек құрылыс материалдары үшін кесуге дайын. Бұл шаруашылық кірісін арттыруға септігін тигізбек. Десе де бизнесті кеңейтуіне қаржылық ресурстың жетіспеушілігі кедергісін тигізуде. Негізгі қиындық – ағаш өңдеуге қажет жабдықтың болмауы.

Осыған байланысты облыстық кәсіпкерлер палатасы жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуге, бизнес-жоспар құру бағытында мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға қажет құжаттарды әзірлеуге жан-жақты қолдау көрсетпек. Атап айтқанда, қаржылай емес қолдау көрсету, өндірісті жаңғырту, шаруашылықты кеңейтуге қаражат тарту сияқты бизнесті өрістетуге мүмкіндік беретін ірі бизнес өкілдеріне  кәсіпкерлік палата үнемі жәрдемдесуді мақсат етеді. Дәурен Оңалбаев Еркін Пидахметтің өндірісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алатынына сенімінің зор екенін және бұл жергілікті экономикаға ғана емес, экологиялық жағдайға оң әсерін тигізетінін сөз етті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА