Cапаға маңыз беріледі

Уақыты: 15.04.2025
Оқылды: 191
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының әкімі Ернат БӘЗІЛ «Құлагер» шағын ауданында басталғалы жатқан бірқатар құрылыс нысанын көріп, көркем гимнастикаға арналған кешеннің жұмысымен танысты.    

– Биыл қаламызда салынатын құрылыс нысандары жылдағымен салыстырғанда өте көп. Біздің мақсат – санына емес, құрылыстың сапасына басты назар аудару. Әрине, әлі де кей істі пысықтауымыз қажет. Биыл құрылысты ерте бастадық. Халық игілігіне арналған тың жобаларды жүзеге асыру жоспар бойынша жүйемен орындала бермек, – деді өз сөзінде Ернат Дүйсенбекұлы. Артынша қала әкімі абаттандыру жұмыстары басталған «Жетісу» шағын ауданын көрді.

Аталған шағынаудан заманауи талаптарға сай абаттандырылып, тұрғындардың өтініші бойынша көлік тұрағы жасалды. 

Одан кейін қала әкімі биыл әлеуметтік осал топтағыларға 56 баспана беріліп, жыл соңына дейін тағы 200 пәтерді тапсыру жоспарланып отырған «Жастар-3» тұрғын үй алабындағы жұмысты қарады. Ернат Дүйсенбекұлы бұл жерде қарқынды жүріп жатқан құрылысты көріп, мердігер ұйымға газ желісін жыл соңына дейін тартып, тұрғындарға пайдалануға беруді тапсырды.

Қали АСҚАР
Фото: vestnikstroy.ru