Тілсіз жауды тізгіндеді

Уақыты: 15.04.2025
Оқылды: 234
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапал ауылдық округінің оңтүстік-шығысында өрт шықты. Орталық кеңседегі диспетчерге жағдай баяндалып, өрттің аумағы мен желдің бағыты анықталған. Қапал орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері мен Ақсу ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары оқиға орнынан табылды.

Нақтырақ айтсақ, Қапал орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері мен Ақсу ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары дала төсінде оқу-жаттығу жиынын өткізді. Өрт қаупі маусымның басталуына байланысты орман өрттерінің алдын алу тәсілдерін пысықтады. 

Бұл оқу-жаттығудың басты мақса-ты – орман немесе дала өрті орын алған жағдайда жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар қызметкерлері қалай әрекет етіп, кімнің қай жерде не істейтінін анықтау.

– Өрт қаупі мол маусым басталғаннан бері мұндай жаттығуды бірінші рет өткізіп тұрмыз. Қапал, Суықсай, Көшкентал ауылдық округтеріндегі қызметкерлерге хабар берілгеннен кейін оқиға орнына дер кезінде жетіп, бірлесе әрекет қылғанның нәтижесінде тілсіз жауды ауыздықтадық. Біз теориялық жағынан бәрін жақсы білеміз. Дегенмен, осындай оқу-жаттығудың жүзеге асырылғаны мол тәжірибе жинауға мүмкіндік береді, – дейді Ақсу ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Талғат Зейнолданов.

Осы ретте Қапал ауылындағы орман шаруашылығының ғимаратына арнайы бардық. хал-ахуалдарымен танысып, жай-күйлерін бажайладық. Мұндағы мамандардың пікірін тыңдадық.

«Қапал орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жалпы ауданы 33677,0 гектар жерді құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерген алқабы 13168,0 гектар, ормансыз алқабы 19774,0 гектар. Мекеме бір Ақсу-Арасан орманшылығынан тұрады және мемлекеттік орман қоры жері толығымен Ақсу ауданының әкімшілік аумағында орналасқан.

«Қапал орман шаруашылығы» КММ директоры Үсен Сабырбеков өмірін табиғатты қорғауға арнаған жан.  5 жылдан бері аталған мекемені басқарып келеді. Мұнда 50-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. 

– Орман шаруашылығы 1 өрт сөндіру машинасымен, 4 трактор, 1 су тіркемесі, 7 патрульдік автокөлік, 2 арнайы көлік, 4 мотоцикл, 14 мініс ат, 38 дана радиостансысымен қамтамасыз етілген. Биыл 1 патрульдік автокөлік «TANK-300», 1 шағынтрактор, 1 өрт сөндіру автокөлігін портал арқылы алдық. Орман өртінің алдын алу мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын үнемі жүргізіп отырамыз. Бүгінге дейін орман қоры мен орман қорына іргелес аумақтарында 89 аншлаг, 19 панно, 3 билборд орнаттық. Мекемеде орман пайдаланудың 2 түрі, яғни сүрек дайындау мен жанама орман пайдалану жүргізіледі. Осы күнге 2 орман билеті жазылып, 924,8 гектар жайылымдық жер пайдалануға берілді, – дейді «Қапал орман шаруашылығы» КММ директоры Үсен Медеубекұлы.

Мұндағы қызметкерлердің басты міндеті – орманды жерлерді қорғау, күзету. Мәселен, орман ағаштарына зиянкес жәндіктер де өз залалын тигізетіні ақиқат. Орманшылар оған да бейжай қарамай, алдын алу шараларын істейді. Дәрі-дәрмек себеді, бүлінгендерін дүмімен алып тастайды. Орнына жаңа өскінін отырғызады. Негізінен орманның басты жауы – өрт екені анық.

Қаныбек Қаңтарбаевтың бұл салада қызмет істеп жүргеніне 30 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында талай өрттің алдын алғанын айтады. Өкінішке қарай, қайғылы оқиғаға да тап келген сәттері болыпты. Сарытау шатқалы тұсындағы орман өртін сөндіру кезінде әріптесінен айырылып қалғанын айтып берді. Оның бар тілегі – елдің тыныштығы.

– 90-шы жылдардағыдай емес, жағдайымыз жақсы, жаңадан өрт сөндіру техникалары мен құрал-жабдықтар алынуда, заманауи технологиялар жұмысқа енгізілуде. Ормандардағы өрттің дені сыртқы себептерден болады. Кейде найзағай түсіп те жатады. Бірақ өртті адам жиірек әкеледі, – дейді «Қапал орман шаруашылығы» КММ директорының орынбасары Қаныбек Шәмілұлы.

Алдағы уақытта 10 шақырым минералдық жолақтарға 5 мәрте күтім жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 335,0 мың теңгеге мемлекеттік орман қоры жерлеріне жаңадан 5 аншлаг пен 5 панно орнатылатынын мекеме басшысы бізге берген сұхбатында атап өтті.

Бүгінде Қапалдағы екінші типті орман өрт сөндіру стансысында 13 адам, 1 орманшы, 16 орман күтуші, 3 орман шебері қызмет етіп келеді. Олардың ішінде нәзік жандылар да бар. Солардың бірі Айжан Садықова.

– Бұл жұмысқа 2003 жылы  атамның нұсқауымен орналастым. Басында өз ісімді білгенмен орманға қатысты көп ештеңе түсіне бермейтінмін. Кейін келе әріптестеріммен араласа жүріп көп дүние үйрендім. Содан барып орман шаруашылығы институтын оқыдым. Білімімді жетілдірген соң қызметімді қайта жалғастырдым. Қазір біз тұқым өсірумен айналысамыз. Оларды көшет болғанша күтіп-баптау өте қиын. Кейде ауырып қалады, соның бәрін қалпына келтіріп реттейміз. Біздің мекемеге ауыл-ауылдардан оқушылар келіп тұрады. Өздері ағаштан ұя істеп, құстарға қамқорлық танытады. Білгенімізді  балаларға бөлісіп, үйретуден жалыққан емеспіз, – дейді «Қапал орман шаруашылығы» КММ орман шебері Айжан Маратқызы.

Қапал аймағында соңғы 5 жылда дала өрті тіркемеген. Бұл орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі деп айтсақ артық етпейді. Жалпы облыста 26 наурыздан бастап өрт қаупі мол маусым басталды. Осыған орай мамандар өңір тұрғындарынан алдағы аптап ыстықта өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауларын сұрайды.

Дала өрті Қапал ауылының маңынан шамамен 5 шақырым жерде орын алды. Он минутқа жетер-жетпес уақытта 60-қа жуық маман, 21 бірлік техника келіп, өртті дер кезінде ауыздықтады.

Медет Жұмабай