Жетісу – экотуризмнің алтын бесігі

Уақыты: 15.04.2025
Оқылды: 186
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу өңірі – табиғаттың баға жетпес сыйы. Бұл аймақ әртүрлі ландшафттарымен, ерекше табиғи байлығымен, көз тартар көркем көріністерімен танымал. Биік, мәңгі қарлы шыңдар мен кең жазықтар, шөлейт далалар мен айдынды көлдер, терең шатқалдар мен орманды алқаптар – барлығы экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Жетісу – сирек кездесетін табиғи контрасттар мен экологиялық тепе-теңдік қатар орналасқан мекен.

БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметінше, экотуризм – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан туристік бағыттардың бірі. Бүгінде бұл сала жаһандық туризмнің 25%-ын қамтиды. Дүниежүзілік туристік ұйым жыл сайын экотуристер саны 20%-ға артып отырғанын хабарлайды. Бұл – экотуризмнің сән үшін емес, экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналғанын көрсетеді.

Қазақстан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) бойынша бай мемлекет. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегі бойынша, ЕҚТА жалпы көлемі 26 миллион гектарға жетеді. Бұл – халықаралық деңгеймен салыстыруға болатын үлкен көрсеткіш. Алайда бұл әлеуетті толық игеру үшін әлі де жүйелі жұмыстар қажет.

Жетісу өңіріндегі экотуризм нысандары

Еліміздің оңтүстік-шығысындағы Жетісу облысы бұл бағытта қарқынды қадамдар жасауда. Мұндағы негізгі экотуристік орталықтар – «Алтын Емел», «Жоңғар-Алатауы» ұлттық табиғи парктері және «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығы.

«Алтын Емел» – құландар мекені

Парктің басты ерекшелігі – сафари туризмінің отандық үлгісі. Қазан айында жыл сайын өтетін «Алтын Емел – құландар мекені» фестиваліне келушілер құлан мен қарақұйрық популяциясын табиғи ортасында тамашалай алады. Бұл – табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілік пен танымдық туризмді дамытудың үлгісі.

2023 жылы парк ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді. Сонымен қатар, халықаралық Travel+Leisure басылымы «әлемдегі ең ғажап 10 ұлттық парктің» қатарына қосты. Туристер саны жыл сайын артып келеді: 2022 жылы – 12 мың, 2023 жылы – 23 мыңнан астам адам.

«Жоңғар-Алатауы» және Сиверс алмасы

Бұл парк – Сиверс алмасының отаны. Жыл сайын өтетін «Сиверс алмағашының гүлденуі» фестивалі жұртшылықты экологиялық мәселелерге тартуға және алма генофондын сақтауға бағытталған. Саябақ аумағында жыл сайын 65-70 мың түп алма көшеті отырғызылады. 2025 жылы парктің 15 жылдығына орай халықаралық ғылыми конференция өтеді.

Соңғы үш жылда паркке 1,5 млрд теңге инвестиция тартылып, алты ірі жоба іске асырылды.

Алакөл – реликті шағаланың мекені

Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы да экотуризм үшін ерекше мәнге ие. Қорық шекарасында «Кіші Аралтөбе» атты жаңа туристік-экскурсиялық бағыт іске қосылады. Сонымен қатар, жыл сайынғы «Алакөл қанаттылары» фестивалі реликті шағаланың ұялау кезеңін көрсету арқылы қоғамның назарын экожүйенің нәзік балансына аудартады.

Экологиялық мәдениет – болашақ кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Ұлттық құрылтайда: «Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет. Еліміздің биологиялық әралуандығын қорғау – айрықша маңызды міндет», – деп атап өтті.

Жетісу өңірінде бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде: «Таза Қазақстан», «TazaLike» акциялары, ақпараттық турлар, ағаш отырғызу, браконьерлікке қарсы күрес – барлығы экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен «Жетісу» туристік ақпараттық орталығы бірлесіп, дуалды білім беру арқылы туризм және экология саласына мамандар даярлауда. Мектептерде өлкетану үйірмелері, жасөспірімдер туризмі кеңейтілуде.

Табиғат – аманат

Экология – тек табиғатты қорғау емес, ол – сана мен жауапкершілік. Демалушылар көбейген сайын, табиғатқа түсетін жүктеме де арта түседі. Сондықтан, тазалық шараларымен ғана шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ең маңызды міндет.

Халық арасында айтылатын: «Қоқыстар қайта-қайта тазаланатын жерде тазалық болмайды, қоқыс тастамайтын жерде тазалық болады» деген нақыл сөз – бүгінгі күннің экологиялық ұранына айналуы тиіс.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: tekelinews.kz