10 сәуір күні Жетісу облысы Алакөл ауданы Бескөл ауылында орналасқан балық зауытында өрт шықты. Төтенше жағдай болған соң, жақын маңдағы 200 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Алайда 28 жастағы өрт сөндіруші қаза болды.
Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өрт шыққан балық зауытына келген кезде кіші сержант Рүстем Серікқалиұлы баспалдақпен дереу химиялық заттары бар қойманың үстіндегі шатырға көтерілген. Өрт сөндіріп жатқанда шатыр сынып, 3-3,5 метр биіктіктен зауыттың ішіне құлап, ауыр жарақат алды.
Өрт сөндіруші Үшарал қаласының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Алайда 11 сәуір күні жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
Рүстем Серікқалиұлы өз өміріне қауіп төнетінін біле тұра, өрттің ең қауіпті жеріне ұмтылды. Оның көзсіз ерлігінің арқасында химиялық заттар (аммиак) сақталған қоймаға от тимеді. От тигенде ол жерде біраз шақырымға жететіндей жарылыс болатын еді.
Полицейлер мен құтқарушылар төтенше жағдай болған соң, жақын маңдағы 200 тұрғынды қауіпсіз жерге, нақтырақ айтсақ, Бескөл мәдениет үйіне апарған. Өртті ауыздықтағаннан кейін тұрғындар аман-есен үйлеріне оралды.
Рүстем Серікқалиұлының артында әйелі мен екі баласы қалды. Кенжесі екі жаста.
Фото: Orda.kz