Қазақстанда 15 сәуір – Ғашықтар күні ретінде тойланады. Атаулы дата – жастардың шынайы сезімдерін білдіретін, сүйіспеншілік пен құрметтің маңызын еске салатын ерекше мезет.
Махаббат мерекесінің маңыздылығы – тек ғашықтарға арналған емес, жалпы адам баласының бір-біріне деген ізгі ниетін, жан жылуын жеткізетін сәт. Қазақ халқы үшін махаббат пен адалдық – ежелден қастерленген ұғым. Сол себепті де 15 сәуір – ұлттық құндылықтарға негізделген мейрам ретінде тойланып келеді.
Ғашықтар күні жастар арасында кеңінен танылып, жыл сайын түрлі шаралармен аталып өтеді. Мектептер мен университеттерде поэтикалық кештер, концерттер, фото-көрмелер, флешмобтар ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілерде жұптар бір-біріне деген сүйіспеншілігін білдіріп, ашық хаттар мен ерекше құттықтаулар жариялайды.
Мейрамның символына айналған қазақтың аңыз кейіпкерлері – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мәңгілік махаббаттың нышаны ретінде ел есінде. Бұл күн Қазақстанда "Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні" деп те аталады.
Сүйіспеншілік – адам жүрегінің ең асыл қасиеті. Ал оны ардақтау – қоғамның рухани дамуының белгісі. Сондықтан да бұл күн – махаббаттың, құрметтің және жан тазалығының мерекесі.
"Жетісу-Ақапарт"
Фото: adebiportal.kz