ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің Текелі қаласында орналасқан Оқу-жаттығу үйрету кавалериялық тобының аумағында көгалдандыру шарасы ұйымдастырылды.
Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты әскери бөлімшенің жеке құрамы атсалысқан бұл экологиялық іс-шараның басты мақсаты – аумақты көркейту, жасыл желекті көбейту және табиғатқа деген жанашырлықты арттыру.
Акция аясында аулаға сәндік гүлдер – нәркес, астра және лалагүл отырғызылып, бөлімше аумағы көз тартарлықтай сәндене түсті. Сонымен қатар, мекеме ауласының сыртқы жағында 20-дан астам терек көшеті отырғызылды.
Бұл бастама — шекарашылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін, экологиялық мәдениетті нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Мұндай іс-шаралар жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз және әскери бөлімнің жайлы әрі жасыл ортаға айналуына өз септігін тигізбек.
"Жетісу-Ақпарат"