Қазақстанда некеге тұрғаннан кейін әйелдердің өз тегінде қалу үрдісі жиі байқалып жүр.
Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы хабарлайды.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай шешімнің артында ата-текке құрмет, кәсіби беделді сақтау және жеке даралықты жоғалтпау секілді себептер жатыр.
Психолог Сымбат Абдрахманованың айтуынша, бұл – біржақты жауап беруге болмайтын күрделі әрі маңызды мәселе.
"Күйеуінің тегін алу — бұл міндет емес, таңдау. Әйел адам өзінің тегін сақтап қалуды да, күйеуінің тегіне өтуді де, тіпті қосарлы тег алуды да таңдай алады. Бастысы — бұл шешім әйелдің өз еркімен, қысымсыз қабылдануы керек."
Психолог аты-жөннің адамның өзіндік "менін" қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтті. Кейбір әйелдер үшін өз тегінде қалу — кәсіби және отбасылық мұраны сақтаудың, сондай-ақ даралығын жоғалтпаудың жолы. Ал басқалар үшін күйеуінің тегін қабылдау — отбасы бірлігінің символы.
Қазақстанда патриархалды мәдениет әлі де кең таралған. Көптеген отбасыларда күйеуінің тегін қабылдау — қалыпты құбылыс ретінде қабылданады. Дегенмен, қазіргі жастар бұл дәстүрге жаңаша қарай бастады.
"Егер күйеуі әйелінің өз тегін сақтауына қарсы болса, бұл қарым-қатынаста сенім мен шекара мәселесіне айналуы мүмкін. Сондықтан ерлі-зайыптылар арасында ашық диалог пен өзара құрмет өте маңызды," — дейді Сымбат Абдрахманова.
Ұлттық сарапшы-демограф Аяулым Сағынбаева бұл мәселе адамның жеке таңдауы екенін еске салады.
"Тегін өзгерту — әркімнің жеке шешімі. Біреу күйеуінің тегін алғысы келеді, біреу өз тегінде қалуды қалайды. Мұндай сұрақтар тек заң аясында шешілуі керек. 'Неке және отбасы туралы' Кодексте ерлі-зайыптының тегін таңдау құқығы нақты көрсетілген. Бұған ешкімнің мін тағуға хақысы жоқ."
Елордалық Гүлнұр Алтынбекқызы тұрмыс құрған соң өз тегінде қалғысы келетінін айтты:
"Бұл мен үшін үлкен құрмет. Менің де өз шыққан ата-тегім бар. Болашақ жарыма бұл мәселе кедергі болмайды деп сенемін."
Сарапшылардың пікірінше, мұндай трендтің дамуына Еуропа мен АҚШ-тағы гендерлік теңдік идеялары әсер еткен. Әйелдердің өз тегін сақтауы — олардың құқығы мен таңдау еркіндігінің бір бөлігіне айналған.
Зерттеулер көрсеткендей, әйелдің күйеуінің тегін алуы немесе алмауы некенің сапасына тікелей әсер етпейді. Алайда егер бұл шешім қысыммен қабылданса, оның салдары — ішкі наразылық пен ренішке әкелуі мүмкін. Ал бұл, өз кезегінде, отбасы берік болуына жанама әсер етуі ықтимал.
Фото: the-wedding.ru