"ЕКЕУІ КӨЗ ЖҰМДЫ": ЖИНАЛЫСҚА КЕЛЕ ЖАТҚАН МҰҒАЛІМДЕР ЖОЛ АПАТЫНА ТҮСТІ

Уақыты: 31.01.2020
Оқылды: 1873
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осыдан екі күн бұрын Алакөл ауданында бес ұстаз отырған көлік жол апатына ұшыраған еді. Апат салдарынан екі мұғалім қаза тауып, қалған үшеуі орталық ауруханаға жеткізілген болатын.

Мәліметтерге сүйенсек, «NissanX-Trail» маркалы темір тұлпарды тізгіндеген Алакөл аудандық білім бөлімінің бас маманы, Қабанбай ауылының тұрғыны Ақмарал Атенбекова Үшарал қаласына «Оқушыларды тегін тамақтандыру» тақырыбында өтетін семинар-кеңеске келе жатқан.

Көлік тізгіндеген әйел жиналысқа Сапақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Ибраеваны, №1 Қабанбай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лаура Айкенованы, №3 Қабанбай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ботагөз Ибраимованы және өзінің жеке жұмысы бойынша аудан орталығына жол тартқан осы білім ордасының психологі Айжан Байбатырованы ала кеткен.

Таңғы сағат 10:10 өткен шамасында Үшарал қаласына кіреберістегі Тентек өзенінің көпірінде көлік жолдан тайып кетіп, қарсы бетте келе жатқан «МАЗ-54322» маркалы жүк көлігіне соқтығысқан. Салдарынан Сапақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Ибраева мен №3 Қабанбай орта мектебінің психологі Айжан Байбатырова алған жарақаттарынан апат орнында ес жимастан көз жұмды.

Қалған жолаушылар Алакөл аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. №3 Қабанбай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Ибраимова жансақтау бөліміне жатқызылды. Ал аудандық білім бөлімінің бас маманы, көлік тізгінінде отырған А.Атенбекова травматология бөліміне түсті. Ал №1 Қабанбай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лаура Айкеноваға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, өз еркімен емханаға жатудан бас тарту бойынша жазылған қолхатына сәйкес үйіне жіберілді.

Жансақтау бөлімініндегі Б.Ибраимованың миы шайқалған, кеудеден қатты зақым алған, ауыр халде жатыр. Ал көлік тізгіндеген Ақмарал Атенбекованың жағдайы бір қалыпты. Алдын ала ақпараттар бойынша, Ақмарал Атенбекованың көлік жүргізгеніне көп уақыт өте қоймаған. Көлік жүргізуді өткен жазда ғана үйренген. Бүгінгі таңда құзырлы мекеме өкілдері жол-көлік оқиғасына қатысты істі тексеріп жатыр.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,

Алакөл ауданы

Алматы облысы