ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: ЖЕРҮЙДЕГІ ӨРТТЕН ТАҒЫ ДА БАЛАЛАР КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 03.02.2020
Оқылды: 1634
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында жеке тұрғын үйден шыққан өрттен екі сәбидің өмірі қиылды. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті мәлім етті.

Ведомство мәліметінше, бүгін сағат 13:16-да өртке қарсы қызмет өкілдеріне Талғар ауданына қарасты Өстемір ауылындағы жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына 35 шақырым шалғайдан өрт сөндіру бөлімшесі келіп жеткен кезде бүкіл үй қызыл жалынға оранып жатқан.

- Сағат 14.14-те өрттің таралуы тоқтатылып, сағат 14.21-де толығымен сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ 77 шаршы метрді құрады. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін көршілер өртеніп жатқан үйден 2016 және 2017 жылдары дүниеге келген екі баланы шығарып алған. Балалар аудандық ауруханаға барар жолда жарақат салдарынан "Жедел жәрдем" көлігінде көз жұмды. Өрттің шығу себебі анықталуда, - деді Төтенше жағдай комитетінің өкілдері.

Өртті сөндіруге Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 8 маманы мен 2 техникасы жұмылдырылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Талғар ауданы