НАУРЫЗҒА ДЕЙІН ТІРКЕЛМЕГЕН КӨЛІКТЕР ЕЛДЕН ШЫҒАРЫЛАДЫ

Уақыты: 17.02.2020
Оқылды: 1236
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ақпан айынан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден елге келген көліктерді уақытша тіркеу басталды.

Шетелдік көлік жүргізушілерінің жалпы тәртіп бұзу статистикасына үңілсек, 2018 жылы 28 мың жол ережесін бұзу дерегі орын алса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін өскен. Олардың басым көпшілігі жазаға тартылмаған.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов: «Оларды заңды түрде тіркеу керек. Ережені қатаң сақтауға, жүргізушіні бақылауда ұстау қажет. Жазаға ілінбегендердің көбі – базада жоқ, жазалау мерзімі өтіп кеткендер», – деді.

Уақытша тіркеу – шетел нөмірімен жүргендерге жеңілдік, келешекке мүмкіндік. Жалпы Қазақстанда экономикалық одаққа мүше елдерден келген көліктер саны – 170 мыңға жуық.

Есепке алынған, мемлекеттік салығы төленген шетелдік көліктерге Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) сары түсті нөмір береді. Ол нөмір 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды. Одан кейін тұрақты тіркеу басталады. Көрсетілген мерзімге дейін тіркелмеген көліктер елден шығарылады болмаса көлік иесі бөлшектеп сата алады. Ал облысымызда әзірге 15 көлік уақытша тіркеуден өткен.

Уақытша тіркеуде техникалық құжат үшін 3313 теңге, ал мемлекеттік нөмір үшін 7422 теңге төлейсіз. Бастапқы тіркеу автомобильдің жылына да байланысты. Мәселен, 2018/19 жылы шыққан көліктер үшін 662 теңге, 2017/18 жылы құрастырылған машиналарға 132 550 теңге, 2016 жылға дейін шыққандарға 1 320 550 теңге бересіз.

Ал Армениядан келіп жатқан көліктердің басым көпшілігі соңғы топқа жатады. Оған қосымша машина Қазақстанның техникалық шарттарына сай болуы керек. Техникалық қауіпсіздік стандартына сәйкес келмейтін көліктерге арнайы орнату жұмыстары жүргізіледі. Яғни, көліктің кейбір бөлшектеріне өзгерістер енгізіледі. Мұның бағасы шамамен – 200 мың теңге.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды