КӨШІ-ҚОН: ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАНДАСТАР МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 18.02.2020
Оқылды: 1421
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Достық үйінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалы, «Отандастар қоры» АҚ және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен қандастар мәселесін талқылаған келелі жиын өтті.

Оған облыстық басқармалар мен аудандық ішкі саясат бөлімдерінің жауапты мамандары қатысты.

2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен делегация қатысып, біраз мәселені шешкен болатын. Сол алқалы жиында «Отандастар қоры» құрылып, белгілі қоғам қайраткері Нұртай Әбіқаев төрағалыққа бекітілген еді. Сол жиналыста Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбеков тағайындалып, алдағы міндеттер айқындалды.

Содан бері де біраз уақыт өтті. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы да, «Отандастар қоры» да біраз шаруа тындырды. Жиын аясында ол туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қалалық және облыстық филиалының төрағасы Серікхан Ахметов, «Отандастар қоры» АҚ қаржылық қолдау орталығының жетекшісі Анес Ахатұлы айтып берді. Сондай-ақ, қос тарап алдағы жұмыс жоспарын таныстырып, істелуге тиісті жұмыстардың бағытын айқындады.

Шара аясында көпшілік кейінгі кездегі «Көші-қон туралы» Заңдағы өзгерістер мен толықтырулар, жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды қалай шешудің жолдарын сұрап, білді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды