"БАУЫРСАҚБУРГЕР": АЛМАТЫДА ДӘМІ ЕРЕКШЕ ФАСТФУД ӘЗІРЛЕНДІ

Уақыты: 24.03.2020
Оқылды: 951
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақтың ұннан жасалатын тағамдарының бірі – бауырсақ. Қазақстанның әр өңірінде көлемінде, әзірлеу технологиясында айырмашылықтар болғанымен негізі бір. Топ кураторымен бірге өткізген «Батыр баба – Райымбек» атты іс-шарада «Жауынгердің жорық қоржыны» тақырыбымен басқа тағамдарға қоса шибауырсақ әзірлеуді бастан-аяқ орындап шыққан едік.

Топ кураторының көмегімен аталмыш шарада «Бауырсақбургер» деп атаған жаңа дәм ұсындық. Бүгінде бұл тағамды топтағы барлық студенттер әзірлеп, өздерінше әрлеуде. Дайындалу технологиясы фастфуд ретінде барлығына таныс бургерге ұқсас келеді. Бірақ негізі – бауырсақ.

Бауырсақты кішігірім тоқаш көлеміндей дөңгелек қалыппен көбірек әзірлеген соң оларды жанынан тең бөледі. Содан кейін арасына салат жапырағын салып, жапырақ үстіне қызанақ тілігін немесе ұсақ сұрыпты қызанақты екіге бөліп орналастырады. Қабаты тартылған еттен, кейде бауырдан әзірленген шағын, жұқа котлет болуы мүмкін. Олардың арасына үгітілген құртты қаймақпен араластырып дайындалған қоймалжың масса жағылады. Аздаған аскөкпен безендіруге де болады.

Қай бауырсақ түрін әзірлесек те студенттерге бауырсақтың қазақ дастарқанының ажырамас дәмі екендігін айтудан жалықпаймын. Тобымдағы 25 студент алғашқы оқу жылының бірінші жартысында-ақ барлығы дерлік қазақ бауырсақтарының түр-түрін пісіруді меңгеріп алды.

Бауырсақ – қазақы ықыластың, дарқан пейілдің, мейірімнің, сыйластықтың символы. Осыны әр кез естен шығармауға шақырамын.

Гүлнара АХМУЛАЕВА,

Алматы сән және дизайн колледжінің оқу-өндіріс шебері