КОРОНАВИРУС: МЕКТЕП МҰҒАЛІМДЕРІ ДЕ БЕТПЕРДЕ ТІГУГЕ КӨШТІ

Уақыты: 23.03.2020
Оқылды: 2018
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ел басына күн туғанда қол қусырып отырмайтын халқымыз әлемді алаңдатқан індеттен аман-есен шығуға жұдырықтай жұмыла атсалысуға кіріскелі бірнеше күн болды.

Осыған орай, тұрғындарды тегін медициналық бетпердемен қамтамасыз ету мақсатында Талғар қаласындағы №49 орта мектептің директоры Алмагүл Асанованың бастамасымен қамқоршылық кеңесі, технология пәні мұғалімдері мен ата-аналар бетперде тігуге білек сыбана кірісті.

- Адамзатты алаңдатқан індеттен ел-жұртымыздың аман шығуына әрқайсымыз аса жауаптымыз. Осы мақсатта бұқара халықтың бетпердеге деген сұранысын қанағаттандырып, оның тапшылығын жою мақсатында мектептің іске бейім ұстаздары мен ата-аналар бірігіп, бетперде тігуді бастап кеттік. Жүз метрлік матадан алғашқы күні 104 дана тігілді. Расы керек, бастапқыда оны өлшеп, пішіп, кесуде қиындықтар болды. Қолымыз үйренгенше шабандық танытқанымызды жасырмаймын. Уақыт өте келе, төселіп келеміз. Бетпердеге бекітілетін резеңкесі тапшы. Енді оны матадан тігуді жөн көріп отырмыз, - дейді игі бастаманың жетекшісі, мектеп директоры Алмагүл Асанова.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген. Сын сағатта осындай жауапты іске кіріскен директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Сәулеш Бектұрғанова, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жанат Сәрсекова, мектепалды даярлық тобының мұғалімі Жанерке Мұхаметханова, дене шынықтыру пәнінің мүғалімдері Ержан Мәлікен мен Еркін Рақымбаев және ата-аналар Бақытгүл Әбдірахметова, Мақпал Құралбаева, Жазира Қарабаеваның қолынан шыққан бетперденің алғашқы бөлігі Талғар қаласындағы адамдар көп шоғырланған орталық сауда нысандары мен автобекет маңындағы бетпердесіз жүрген адамдарға тегін таратылды.

- Халқымыздың саулығын қамтамасыз етуге үн қосып жатқан мейірімді жандардың бұл игі ісіне алғыстан басқа айтарым жоқ. Осы тұста өзімнің бетпердесіз жүргенім үшін қысылып қалдым, - дейді тегін бетпердеге қол жеткізген Талғар қаласының тұрғыны.

«Сақтансаң – сақтаймын!» - деген. Елімізге төнген тәжтажалдың таралуына жол бермеуге, сақтануға әрбір адам жауапты екенін ұмытпайық.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы