"ҮРЕЙГЕ БЕРІЛМЕЙІК": ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА БЕТПЕРДЕ ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

Уақыты: 30.03.2020
Оқылды: 1004
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ғасырларда бір келетін ауыр сынақтардың болатыны адамзат тарихында талай айтылған. Бүкіл әлем, Қазақстан елі сондай қиын сәттерді бастан кешіруде. Коронавирус індетімен күрес оңай болып жатқан жоқ. Оның нақты емі әзірге табылмай тұр. Бірақ табылатын күн алыс емес дейтін үміттеміз. Сондықтан, тас-түйін жұмылса, тәртіпті нығайтса, сабыр мен төзімді, сана мен сезімді ширатса, қиындықтан шығудың мүмкіндіктеріне жақындай түсетініміз анық. Көрші мемлекеттердің оң тәжірибесі соны көрсетуде.

Еліміздегі төтенше жағдай ешкімді бей-жай қалдырмайды. Еңбекшіқазақ ауданында да короновирус індетімен күреске арналған штаб құрылып, сақтық шаралары күшейтілді. Соның жай-күйін білмек болып хабарласқанымызда, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Бақберген сұрақтарымызға жауап берді.

– Аталған штаб жұмысына аудан әкімі Бинәлі Ысқақтың өзі жетекшілік етеді. Жағдай сәт сайын бақыланып, сараптамадан өткізілуде. Әзірліктердің барысы жіті пысықталып отырады. Бұл жерде босаңсуға болмайтынын бәрі біледі. Өйткені, бір адамның өзін көпшіліктен бөліп қарай алмайсың. Ауданның әрбір тұрғыны осы жауапкершілікті жете сезінсе дейміз. Осындай мақсатта түсінік жұмыстарын үдетіп жатқан жай бар. Жергілікті ақпарат құралдары бұған белсене қатысуда. Әлеуметтік желілерді пайдаланамыз. Парақшалар тарату арқылы да насихат аясын кеңейте түстік. Мамандардың пікірлерін түрлі әдістер бойынша аудан тұрғындарына жеткізіп келеміз. Тіпті, дыбыс күшейткіштер арқылы да хабарламалар жасауды қолға алдық, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, Еңбекшіқазақ ауданының медициналық мекемелерінде, күштік құрылым қызметкерлері мен әскери бөлімдерде семинарлық оқыту сабақтары үздіксіз ұйымдастырылуда. Аудан аумағына басқа өңірлерден келген қонақтар түгенделіп, олардың денсаулықтары мұқият тексерілуде. Осының бәрі - қауіпті індеттен алдын ала сақтанудың шаралары.

Профилактикалық дезинфекциялау жұмыстары да үздіксіз жүргізіледі. Халық көп жиналатын орындар залалсыздандырылуда. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, ірі сауда орындары, пошта мен банктер басты назарда. Аудан көлемінде бетперде қоры жеткілікті.

- Аудан әкімдігі, арнаулы штабтың белсене жұмыс істегеніне қарамастан бәрі жеке адамдардың түсінік-пайымына байланысты. Олар төтенше жағдайдың мәнін терең ұғынулары тиіс. Үрейге берілмей, салғыртыққа салынбай, ұжымдасып қимылдасақ, бұдан да аман-есен өтеміз, – дейді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Бақберген.

Қазіргі кезде аудан аумағында бір адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Облыстық баспасөз қызметінің хабарлауынша ауырған адам Өзбекстанға қыдырып барып, тойға қатысқан. Аудан аумағындағы санитарлық бекет дәрігерлерінің тексеруі негізінде вирус жұқтыру дерегі дәлелденіп, онымен бірге болған 14 адам дереу карантинге алынды. Ал науқастың өзі Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылған.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы