АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН БІР АДАМНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРДЫ

Уақыты: 30.03.2020
Оқылды: 1274
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының Жамбыл ауданында коронавирус жұқтырған адам 68 жасқа толған. Яғни, жасы ұлғайған адамдарға коронавирус тез жұғады деген сөздің шындығына тағы бір мәрте көз жеткізе түстік. Бұл туралы Талдықорғанда "Жетісу-медиа" алаңында өткен брифингте айтылды.

Сырқат жұқтырған 68 жастағы ер адам осыдан біраз уақыт бұрын Алматы қаласындағы жекеменшік емханаға буыны ауырғандықтан барып, ем алған.

Өкінішке қарай, Алматы облысында кесел жұқтырған 7 адамның біреуі – жүкті әйел. «Жетісу медиа» алаңында журналистер Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқаққа екіқабат әйелдің құрсағындағы балаға сырқаттың кесірі тимей ме деген сауал қойды.

Облыстың бас дәрігері Бауыржан Ербозымұлы ол жағы әлі беймәлім екенін айтты. Құрсақтағы баланың жағдайы анасының сырқатпен күресуіне байланысты қалыптасатын көрінеді. Облыста коронавирусқа шалдыққан тағы бір әйелдің үш айлық баласы бар. Дәрігерлердің айтуынша, балаға кесел жұқпаған. Бірақ нәресте әлі де дәрігерлердің қадағалауында болады.

Жалпы, Алматы облысы бойынша сырқатқа шалдыққандардың әрқайсысы арнайы жабдықталған, жеке бөлмелерге жатқызылған. Сырқат шыққан үйлердің барлығы қоршауға алынып, залалсыздандырылуда. Соңғы мәлімет бойынша, аймақта 626 адам карантинге жабылған. Олардың 166-сы ауруханада, қалғандары үйде оқшауланған.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, аймақ бойынша алғашқы короновирус жұқтырған, Меккеден келген адамның денсаулығы жақсарған. Егер құлан-таза сауықса, жақын күндері ауруханадан шығарылады.

Аймақтың бас дәрігері адамдардың жалған ақпаратқа сенбеуін сұрады. Оның айтуынша, бос даурығу дәрігерлердің жұмысына кедергісін тигізеді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы