"ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖАҚСЫ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТУҒАН ҮШЕМ ҮЙГЕ ШЫҒАРЫЛДЫ

Уақыты: 01.04.2020
Оқылды: 1122
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында дүниеге келген үшем Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жатқан еді. 29 ақпан күні дүниеге келген үшем үйге шығарылды. Ғалымжан, Рахымжан және Мейіржан есімді ұл балаларды анасымен бірге үйіне аталған аурухананың "Жедел жәрдем" көлігі жеткізді.

Үш ұлдың анасы 31 жастағы Ләззат Қаланова Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының тұрғыны. Үшемнің анасы 11 ақпаннан бастап Алматы көпсалалы клиникалық аурухана дәрігерлерінің бақылауына алынған. Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының директоры Жұмахан Молдақұлов:

- Қазір ана мен балалардың денсаулығы жақсы. Біздің ауруханаға 11 ақпан күні жоспарлы түрде жатқызған болатынбыз. Жүктіліктің 31 аптасында кесіртілігін жасау арқылы үш ұл, яғни, 29 ақпан күні (1931,0 гр. Бойы 41 см, 2030,0 гр, бойы 44 см, 1915,0 гр, бойы 45 см) дүниеге келді. Бұл жағдайды денсаулық сақтау басқармасы үнемі бақылауда ұстап отырды. Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ 8 наурыз күні арнайы келіп, үшемдердің анасын мерекемен құттықтаған болатын, - деді.

Ана мен балалар келгенге дейін Қарғалы ауылындағы аудандық аурухана қызметкерлері үйде дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, отбасы мүшелеріне алгоритмге сай дезинфекциялауды үйретті. Алистановтар отбасына аталған ауруханадан арнайы дезинфекцияға арналған құралдар, жеке қорғаныс құралдары (антисептик, бетперделер) берілді.

Қарғалы ауылындағы Жамбыл аудандық аурухана директоры Сертай Сагеев:

- Қарғалы ауылдық округінің әкімі Д.Тұрысбековпен бірге үшемдерді күтіп алдық. Өйткені, үшемдердің аман-есен дүниеге келуі үлкен қуаныш. Үшемдердің күтіміне  2 орта медицина қызметкері көмек көрсетеді. Сонымен қатар, арнайы "NAN" балалар тамағымен қамтамасыз етілетін болады, - деді.

Алистановтар отбасында Ғалымжан, Рахымжан мен Мейіржанды 5 және 7 жастағы ағасы мен әпкесі күтіп алды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"