"АЛМАТЫДАН КЕЛГЕНІН ЖАСЫРҒАН": КОРОНАВИРУСТАН ТАҒЫ БІР АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 04.04.2020
Оқылды: 824
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Түркістан облысында коронавирустан бір адам көз жұмды.

"Қазақпараттың" мәліметінше, Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 23 адам расталды. "Оның ішінде, Жетісай ауданында - 11, Кентау қаласында – 2, Арыс қаласы – 1, Ордабасы ауданында – 1, Сарыағаш ауданында – 1, Мақтаарал ауданында – 4, Сайрам ауданында – 2 адам анықталған. Осы адамдарда вирус анықталып, 1 адамның өлімі тіркелді. Олар осыған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен байланыста болған", - деді Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы міндетін атқарушы Сәуле Жамалова «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен.

Ол індет жұқтырғандар оқшауланып, ем қабылдап жатқанын жеткізді. Аталған азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. «Өкінішке қарай, бүгін таңертең Түркістан облысында коронавирус індетінен Жетісай қаласының 1956 жылғы азаматы қайтыс болды. Науқас 29 наурызда ауруханаға жатқызылған. Науқастың қосалқы ауруы – қант диабеті. Барлық сынамалар алынып, емдік шаралар жүрізілді. Науқастың жағдайы нашарлап, таңертең көз жұмды», - деді Сәуле Жамалова.

Белгілі болғандай, науқас 15 наурызда Алматыдан келгенін жасырған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды