ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІН БҰЗҒАН ЕКІ АДАМ БЕС ТӘУЛІККЕ ҚАМАЛДЫ

Уақыты: 10.04.2020
Оқылды: 813
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының полиция департаменті төтенше жағдай режимін бұзған бірнеше дерек туралы мәлімдеді.

Атап айтқанда, Текелі қаласының тәртіп сақшылары түнгі мезгілде тыныштықты бұзған және еліміздегі төтенше жағдай тәртібін сақтамаған ойын клубының иесіне тиісті хаттама толтырды. Сот шешімімен құқық бұзған кәсіпкер 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен бірге, Іле ауданының 46 жастағы тұрғыны "Алматинка" өзенінің сағасын жағалап, Алматы қаласының аумағына жасырын өтіп кетпекші болған. Алайда Алматы облысы полицейлерінің қырағы көзіне түскен. Заң талабын өрескел бұзған азамат соттың шешімімен 5 тәулікке қамаққа алынды.

Алматы облысының полицейлері тұрғындарды төтенше жағдай тәртібін қатаң сақтауға, індеттің алдын алу мақсатында сақтық шараларын бұзбауға шақырады. Аурудың жаппай таралуын болдырмау үшін жергілікті билік тарапынан қабылданып сақтық шараларына бағыну қажет екенін және ортақ талаптарды бұзудың қатаң жазаланатынын ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды