"КӨРГЕН КҮНІМІЗ ОСЫ": ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ САЯЖАЙ ТҰРҒЫНДАРЫ ШУ КӨТЕРДІ

Уақыты: 24.04.2020
Оқылды: 1956
Бөлім: КҮНДЕРЕК

– Алло, бұл «Жетісу» газетінің редакциясы ма?

– Иә, «Жетісу» газеті.

– Оразаларыңыз қабыл болсын!

– Әумин, айтқаныңыз келсін!

– Біз, мына, «Үйтас» деген саяжайдың тұрғындары едік. Оразаның алғашқы күнінен-ақ қиындыққа тап болдық. Таң алдында сағат 3.30-да енді сәрісін ішеміз деп жатқанда электр жарығы сөніп қалды. Сонымен, қайнамаған сумен ауыз бекіттік. Бұл жағдай бізде жиі қайталанып тұрады. Қысы-жазы көрген күніміз осы. Әсіресе, сабақ оқитын балаларға қиын. Ғаламтор желісі әлсіз. Онлайн сабақ кезінде ұстаздар ренжіп, студенттер қиналып, жүйкеміз жұқарады. Жол мәселесін айтпай-ақ қоялық. Су тартамыз деп жерді қазды да, дұрыс жаппай кетті. Жер астынан шыққан тастар арықтар мен көшені көміп қалды. Жеңіл көліктер жүре алмайтын жағдайдамыз, – деді хабарласқан азамат.

Журналист қашанда елдің жел жағында жүретін маман. Мына жайт редакция қызметкерлерін бей-жай қалдырмады. Жағдайдың анық-қанығын білу үшін «Үйтас» саяжайын бетке алдық.

Қаланың оңтүстік-шығысында орналасқан елдімекеннің  кіре берісіндегі дөңгелек жасайтын орында бірнеше адам жиналып қалыпты. Амандық саулықтан кейін, саяжайдағы әлеуметтік жағдай жайлы сұрадық. Өзін Шәріпбек Мырзабек деп таныстырған азамат:

– Иә, дәл сәресін ішер кезде электр жарығының өшіп қалғаны рас. Мен ораза ұстаймын. Мұндай жағдай екі күн бұрын тағы болған. Суды да тасып ішетініміз рас, – деді ол.

Бүкіл жағдайды ауылдың ішіне кіргенде өздеріңіз көресіздер деген соң көше бойымен жоғары көтерілдік. Дүкенге баруға шыққан Арычная, 108 көшесінің тұрғыны Ольга Дернова:

– Электр жарығын күн сайын өшіреді. Карантин болады дегенде ет, сүт, ірімшік, шұжық тағамдарын мол қылып алып қойғанбыз. Шетінен бұзылып жатыр. Тоңазытқыштың суы ағып кетті. Дүкендерге келсек, балмұздақ еріп, шөл басатын сусындар жып-жылы болып тұрады. Алдында мұнан да ыстық күндер бар. Қайтетінімізді білмейміз, – деді қынжылысын жасырмай.

Бұдан әрі халыққа қызмет көрсететін орындарға баруды жөн көрдік. Шағын медициналық пункт. Меңгерушісі Жанат Берікболова:

– Жарықтың сөніп қалатыны алдымен медицина саласына қиын. Себебі, барлық аппарат қазір электрге тәуелді. Адамдардың «сырқат тарихы да» электронды жүйеге көшірілген. Ауырып келген адамдарды маман-дәрігерге жіберерде компьютермен белгілейміз. Кейде жаны қиналып тұрған тұрғындар маманға жазылу үшін тәуліктеп күтеді. Саяжайда барлығы 2300 тұрғын бар. Олардың 928-і бала. Мектеп жасындағы балалар саны – 570. Балалар арасында бүйрек, ангина сырқаты көп.  Біздің ең қорқатынымыз, құтыда сақталатын екпелер. Тоңазытқышта сақталуы тиіс екпе (вакцина) жылы ауаға шықса құрамы бұзылады. Одан кейін пайдалануға келмейді. Яғни, -8 градустан жылып кетіп, 3 сағат тұрса, денсаулыққа кері әсер етеді. Электр өше салысымен 3 сағаттың ішінде басқа тоңазытқышқа апарып үлгеруіміз керек. Электр жарығы өшкенде, біз осы екпелер үшін жанымызды шүберекке түйеміз. Тездетіп, қалалық емханаға ала шабамыз. Электр кейде түн ортасында да өшеді.

Ойпырым-ай, бүгінгідей індет жайлап тұрғанда тоңазытқыштың істемеуінен жаңа кесел жамап алмасақ болар еді дейміз дәрігердің қорқынышын санамызға сіңіріп алып. Осындай ой құшағында көше бойындағы «Құндыз» дүкеніне бас сұқтық. Дүкен іші қап-қараңғы. Күн сәулесі мүлде түспейді екен. Сауда орнының ішінен бұзылған тағамның иісі мұрын жарады. Дүкенші Фатима Махмұтқызы медициналық бетпердесіз қызмет көрсетіп тұр. Есік сыртында ілінуі тиіс «Бетпердесіз кіруге болмайды» деген жазу да жоқ. Көпшілік орынға келіп жатқандар да сақтық шарасын сақтамаған.

Дүкен сыртында су алатын құдық бар. Біреу көлікпен, біреу есек арбамын, енді біреу жаяу-жалпы су алуға жиналып жатыр. Өзін Жеңіс деп таныстырған азамат: «Жарық 21-сәуір түскі 1-де өшіп қалды да, кешкі 7-де жанды. 22-сі күні тағы сөйтті. Кеше ораза түнінде сәресін ішер кезде өшіп қалды да, таңертең жанды. Сонда, үш күн қатарынан электр жоқ. Трансформатор ескі ма, білмедім. Интернет желісі әлсіз. Студенттердің онлайн сабаққа қатысуы қиындық тудыруда. Wi-FI дұрыс тартпайды", - деді.

Осындай сөзді көшеде кездескен елдімекен тұрғындары Бақыт Есімханов, Нұрболат Әбутәліпов, Рашид Шымыров деген азаматтар да айтты. Олар Парковая, Садовая, Северная, Центральная көшелерінің тұрғындары. Көшелерінің аты да басқа елде тұрғандай әсер етеді. Оны қоя тұршы. Қазір ас-судың дұрыс сақталмауынан елді кесел жайлап кетпеуін ойлап, мазамыз кетуде. Күнде осы жағдай қайталанса азық-түлік бұзылып, ауызашарда дұрыс тамақтанбаған халықтың иммунитеті түсетіні анық.

Ендеше, жергілікті атқарушы орган өкілдері «Үйтас» саяжайындағы халықтың жанайқайына құлақ түрсе екен. Су тартқандар қазған арықты қайтадан жөндеп жауып шықса, арық суынан зардап шегіп отырған халық тапшылық көрмей, бау-бақшаларын суарса, электр жарығы қалыпқа келтірілсе дейміз. Саяжай тұрғындары қосымша трансформатор қойылып, көше аттары қазақшаланса, бақшаға ұрлыққа түсу мәселелері тоқтатылса деген ұсыныстарын жеткізді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы