ПРЕЗИДЕНТ БРАКОНЬЕРЛІКПЕН КҮРЕСКЕН ИНСПЕКТОРҒА АЛҒЫС ХАТ ЖОЛДАДЫ

Уақыты: 22.05.2020
Оқылды: 1083
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысына арнайы іссапармен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ келді. Ол Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ұжымымен кездесті. Кездесуде Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров және инспекцияның басшысы Темірлан Мамиев болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жануарлар әлемін қорғауды күшейту туралы тапсырма бергені, экологиялық мәселелерді жіті қадағалап, орман және жануарлар байлығын барынша қорғауды айрықша қолға алғаны белгілі. Соған орай ұтымды шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Тіпті, елімізде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі алғаш рет жеке құрылып, маңызды салалар бойынша жұмысын бастады. Сонымен бірге, Президент министр Мағзұм Мырзағалиевті қабылдап, маңызды тапсырмалар жүктегенінен де хабардармыз.

Президент ведмоство өкілдеріне тапсырма жүктеп қана қоймай, аймақтардағы экология саласынының жанашырлары, орман және жануарлар әлемін қорғауға өмірін арнаған адамдарды да назардан тыс қалдырмады.

Осы жолғы кездесуде министр Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторы Леонид Сидоренкоға еліміздің табиғи мұрасын сақтау жолындағы көп жылғы мінсіз еңбегі үшін Президенттің Алғыс хатын табыс етті.

­ - Бәріңізге мәлім, Мемлекет басшысы жануарлар әлемін қорғауды назардан тыс қалдырмайды. Тіпті, браконьерлердің жолын кесіп, дала жануарларының емін-еркін көбеюі үшін жаңадан дайындалып жатқан Экология кодексіне өзгерту мен толықтыру енгізу туралы тапсырма берді. Бәрін өз тарапынан қадағалап отыр. Әрине, бұл жұмыс жер жаннаты атанған Жетісу жерінде мықты қолға алынуы тиіс. Сіздердің араларыңызда осындай ауыр міндетті мінсіз орындап жүргендер бар. Соның бірі инспектор Леонид Сидоренконы ерекше атауға болады. Бұл кісінің еңбегін Мемлекет басшысы жоғары бағалап отыр. Негізінде, мемлекеттік марапаттар жыл соңында тапсырылушы еді. Бірақ Президенттің тапсырмасымен жануарлар төлдеп жатқан кезде браконьерлермен белсене күресетін тұлғаларға осындай наградаларды тапсыруды жөн деп шештік. Істеріңіз ілгері болсын,­ - деді министр.

Осыдан кейін министр Президенттің Алғыс хатын Леонид Сидеронкоға өз қолымен табыс етті. Өз кезегінде марапат иесі Президентке деген алғысын білдіріп, әріптестерінің жұмысына сәттілік тілейтінін жеткізді. Әріптестері де марапат иесіне жарыса құттықтауларын арнады. Леонид Павлович 30 жылдан бері инспекция саласында табан аудармай қызмет етіп келеді.

Айта кетейік, облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясы 1947 жылы құрылған. 1953 жылдары басталған тың игеру тұсында жұмысы біраз кенжелеп қалған инспекцияның тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да өзгерістертен көз ашпады. Өткен жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылған соң ғана жұмысы нығая түскен.

Өкініштісі, жарты ғасырдан бері облыстық инспекцияға осы салаға жауапты бірде-бір министр аяқ ізін салмаған. Бірінші болып Мағзұм Маратұлының келгені, сондай-ақ, әріптестерінің де алғашқы болып мемлекеттік марапатқа ие болғаны ұжым ортасында жақсылыққа баланды.

Қажет АНДАС

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы