АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ ДА АУЫС-ТҮЙІС: САРҚАН АУДАНЫНА ЖАҢА ӘКІМ КЕЛДІ

Уақыты: 26.05.2020
Оқылды: 1107
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің өкімімен Талғат ҚАЙНАРБЕКОВ Сарқан ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Талғат Қанатұлы Қайнарбеков, 1969 жылы туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тарих және қосымша мемлекеттік құқық пәнінің оқытушысы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін экономист, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Сарқан ауданы, Көкөзек орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Әр жылдарда Сарқан ауданы Қарғалы орта мектебінде тарих және мемлекеттік құқық пәнінің мұғалімі, Алматы қаласында «Эльдорадо» ЖШС менеджері, Талдықорған қаласы әкімі аппараты өнеркәсіп, көлік және байланыс бөлімінің бастығы, Көксу ауданы әкімінің орынбасары, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Текелі, Қапшағай қалаларының әкімі болды. 2020 жылдың 26 мамырынан Сарқан ауданының басшылығына тағайындалды.

Ал Алматы облысы әкімінің өкімімен Марат Разбеков Сарқан ауданының әкімі лауазымынан босатылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"