НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЕРІКТІЛЕРІНЕ АЛҒЫС ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 22.06.2020
Оқылды: 1259
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының еріктілері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Алғыс хатты Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев салтанатты түрде табыстады.

«Biz birgеmiz» республикалық акциясы аясында аймақта еріктілер төтенше жағдай мен карантин кезінде көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж азаматтарға көмек көрсетті. Оларды қажетті азық-түлікпен қатар антисептикалық құралдармен де үзбей қамтып келеді. Осындай ізгі қасиетті сөз еткен Лаззат Махатұлы:

- Әлемге қауіп төндірген қатерлі індетпен күрес әлі жүріп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көптеген жұмыстар дер кезінде қолға алынды. Көрінбейтін майданда сіздердің де көмектеріңізбен көптеген игілікті істі жүзеге асырдық. Біздің болашағымыз, жалынды жастар, сіздерге байланысты. Сондықтан, үлкен рақмет айтамын, марапаттарыңыз құтты болсын, – деп шын жүректен ризашылығын білдірді.

Елбасының Алғыс хатын иеленген еріктілер ішінде «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің төрағасы Ержан Дәулетбаев та бар. Ол еріктілікпен 2016 жылдан бастап айналысып келе жатқанын айтып:

- Біздің еріктілер гуманитарлық болсын, басқа да болсын, қайырымдылық, тазалық акцияларының барлығына қатысып, демеушілер, кәсіпкерлердің  қолдауымен мұқтаж жандарға көмек көрсетіп келеді. Елбасының елеп беріп отырған марапаты жұмысымызға деген жігерімізді арттырады, – деді.

«Biz Birgemiz» республикалық акциясы бойынша ағымдағы жылдың 19 наурызы мен 22 маусым аралығында партияның аймақтық және аумақтық филиалдары тарапынан «Jas Otan» жастар қанатының жастары мен еріктілері партияның «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» жобалары аясында партия мүшелерінің, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының қолдауымен есептік кезеңде 24 440 адамға 255 096 625 тг көлемінде арнайы азық-түлік және жеке гигиена заттары, антисептикалық құралдар, медициналық бетперделер сатып алынды.

Аймақ еріктілері Мақтаарал ауданына да барып, қолдан келгенінше көмек көрсетті. «Біз біргеміз» акциясының жұмысы одан әрі де жалғаса бермек.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы