"ӘБДЕН ЗЕРТТЕП, ЗЕРДЕЛЕДІМ": БАЛКОНДА БАУ-БАҚША ӨСІРЕТІН ЖУРНАЛИСТ

Уақыты: 27.06.2020
Оқылды: 1894
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қайдағы «Балкондағы бау-бақша» деп таңғалып тұрсыз ба? Біз де алғаш естігенде осылай таңырқағанбыз. Сөйтіп, көпқабатты үйдің шағын ғана балконын бау-бақшаға айналдырған әріптесіміз, аудандық «Талғар» газетінің бас редакторы Бақтияр Қабасовпен тілдескенше асықтық. Олай болса, шағын балконындағы бау-бақшасының өнімін күн- делікті азық етіп, игілігін көріп отырған еңбекқор отбасының тіршілігімен танысыңыз.

Тегінде қолы қимылдаған адамның аузы да қи- мылдайтыны заңдылық. Адам жанын жадырататын, сергектік пен сенім ұялатып, өмірге құштарлығын арттыратын жұмыстың болғаны жақсы. Балаларына әкелік тәлім мен тәрбиені қатар беруді өмірлік ұстанымы еткен Бақтияр баланы кішкентайынан еңбекке баулуды жөн санайды. Сол себепті ол балконға бақша егіп, оны баптау жұмыстарын балаларына жүктеген. Ойын балалары болса да әр өсімдікке асқан жауапкершілікпен қараған. Нәтижесі де жаман емес. Осы тұста балғындар- дың ерен еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн.

– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Осы мақалды ес білгелі естіп келеміз. Еңбек еттік. Одан жаман болмадық. Енді балаларым да еңбекпен нан тапса деймін. Оларға еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын ертең емес, бүгін ұғындырсам деп тырысып жүрмін. Балалардың жастайынан еңбекке араласуына тікелей өзім жауаптымын. Сол себепті алақандай жерімізді бау-бақшаға айналдырдым. Бес литрлі пластикалық бөтелкелерді ойып кесіп, топырақ толтырып, қияр, қызанақ, бұрыш тұқымын ектім. Мұндай әдісті нағашыларымнан көргенмін. Ол кісілер Матайдан болады. Құмды жер болғандықтан ол жақта қара топырақ жоқтың қасы. Осындай тәсілмен жеміс-жидек өсіреді. Ең бастысы, ниет болса болды екен. Қазір бақшамыз жайқалып тұр. Өз бақшаңнан көкөністі жұлып әкеп, балғын күйінде тағам әзірлеудің жөні бір бөлек. Әсіресе, таза өнімнің не екенін біліп жүрміз. Бақшамызда 15 түп қияр, 15 тал қызанақ, 10 түп тәтті, 10 түп ащы бұрыш өсіріп отырмыз, – дейді әріптесіміз.

Қандай да бір істі бастау үшін ең әуелі ниет керек. Егер ниет болмаса, істің берекесі болмақ емес. Біздің кейіпкеріміз бұл іске отбасымен кіріскен. Бала тәрбиесінде қателесуге болмайтынын алға тартқан ата-ана бұл жұмысқа көбінесе балаларды жұмылдырады. Себебі, жас өрендер жалқаулыққа бой алдырмаса дейді.

– Бақшаның жұмысына балаларым жауапты болғандықтан суару жұмысы да солардың мойнында. Бұл өсімдіктерге қараудың өзінің тәсілдері бар. Суық су құюға болмайды. Өйткені, олар ауырып қалуы мүмкін. Сол үшін күндіз құмыраларға су толтырып, күн көзіне жылытып қоямыз. Үй жағдайында бау-бақша егудің қыры мен сырын әбден зерттеп, зерделедім. Ең бастысы, отбасымызбен таза өнімді тұтынатын болдық. Қазір көбімізде жалқаулық басым. Тіпті, кейбір пысықайлар ауласындағы жерді игермей жатып, елге ақыл айтқыш. «Дайын асқа – тік қасық» болуды әдетке айналдырып алғанбыз. Мен жер үйде тұрып, ауласына бақша екпейтін жұртқа таңғаламын. Бақшасыз аулада қандай береке болсын, дайын тұрған жерді пайдаланып, қоймаңды жеміс-жидек пен көкөніске толтырып қойсаңыз, берекеңіз де еселенеді емес пе? «Не ексең – соны орасың» деп осындайда айтқан болар. Ертеңімізді бүгіннен ойлайық. Жалқаулыққа салынбайық. Еңбек ету арқылы жақсылыққа жақын жүретінімізді ұмытпайық, – дейді Бақтияр Қабасов.

«Байығың келсе – кәсіп үйрен» деген сөздің мәні бар. Сондықтан, қолыңнан келетін кәсіпті үйреніп, нәсібіңді тапқанға ештеңе жете қоймас. Бала-шағаңды көршінің бағына телміртіп қойғанша, шамаң келгенше бау-бақша еккен дұрыс. Маңдай тері сорғалап, еңбек етуге талпынған адамды Жер-ана да құралақан қалдырмайтыны анық. Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің бұл тәсілі талай жанға ой салады деп ойлаймыз. Олай болса, сіз де балконыңызды бау-бақшаға айналдырыңыз, оқырман.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Талғар ауданы

Алматы облысы