«ЖҮРУДІҢ ӨЗІ ҚОРҚЫНЫШТЫ БОЛҒАН»: АУЫЛДА САЯБАҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 11.07.2020
Оқылды: 2348
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында балаларға арналған «Ана-Нұры» орталық саябақ ашылды. Алаң облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға бой көтерді. 

Ашылу салтанатына Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Одан бөлек, кәсіпкер, спорт ардагері Серік Бәкішев те жүрекжарды лебізін жеткізді. 
Саябақтың алаңы жарты гектарды құраса, ұзындығы 380 метрге созылып жатыр. Бір уақытта 100-150 адам сиятын алаң құрылысын «Іргетас-Құрылыс ІІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. 
Саябақта балалардың ойынына қажетті барлық құрал-жабдықтармен қатар футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын алаң да бар. Одан бөлек, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақтың тақтайшалары да орнатылған. Абаттандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Гүлдің түр-түрі, ағаштар отырғызылып, орындықтардың өзі де ерекше. Ал бір жақ қабырғасында қазақ хандары, билері туралы айтылатын және Сүйінбай Аронұлы, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаевтың қанатты сөздері жазылған стенд қойылған. 
Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасыновтың айтуынша, алдағы жылдары саябақ аумағын тағы 250 метрге кеңейтіп, орталық көшеге дейін жеткізу жоспарланған. 
Бұл сыйлық 20 мың шамалғандықтар үшін таптырмас тарту болды. Бұл туралы өз сөзінде ауылдың ардагері Ақылбай Қаңылбаев айтты. Оның айтуынша, бұл жерде, әсіресе, жаңбырлы күні жүру қорқынышты болған екен. Енді, міне, бұл ауылдың көрікті жерлерінің біріне айналды. 

Данияр АРГИМБАЕВ
Қарасай ауданы