ЖҮРГІЗУШІЛЕР НАЗАРЫНА: ШАМАЛҒАН СТАНСЫСЫНДА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ӨЗГЕРТІЛДІ

Уақыты: 09.08.2020
Оқылды: 1288
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Автобус пен пойыз соқтығысқан Шамалған стансысының теміржол өткелінде жол қозғалысын ұйымдастыру жұмыстары өзгертілді. Бұл жайлы Алматы облысының полициясы хабарлады.

Мұнда қосымша жол белгілері орнатылып, жол таңбалары салынды. Алматы - Нұр-Сұлтан автожолының учаскесінде жол қозғалысын ұйымдастыруға өзгерістер енгізілді.

- Атап айтқанда, Шамалған стансысынан шыққан шығыс бағытқа қозғалыс кезінде 2.4 «Жол бер» және 4.1.2 «Оң жаққа қозғалыс» жол белгілері орнатылды. Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілген жолайрықта 1.11 жол таңбасы (қозғалысты үзік сызық жағынан ғана қозғалысқа рұқсат) салынған. Алматы - Нұр-Сұлтан автожолының 44+800 шақырымында 5.11.1 "Бұрылу орны" жол белгісі орнатылды, - деп хабарлады Алматы облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Таңатаров. Сонымен қатар, бүгінгі күні автокөлік жолында теміржол арқылы өтетін жол өткелін салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз.

- Қазіргі уақытта аталған учаскелерде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патрульдік полицияның қосымша жасақтары қойылған. Осыған байланысты барлық автокөлік иелері мен жол қозғалысына басқа да қатысушылардан жол белгілерінің талаптарын басшылыққа алуды, патрульдік полиция инспекторларының барлық талаптарын мүлтіксіз орындауды, сондай-ақ, жолдарда барынша ұқыптылық пен қырағылық танытуды және Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережелерінің барлық талаптарын міндетті түрде басшылыққа алуды сұраймыз, - деп қорытындылады полковник Н.Таңатаров.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды