Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫДА ҚОҚЫСТАН ЖАСАЛҒАН КАРТИНАНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 16.09.2020
Оқылды: 537

Алматыда «StopMusor» экологиялық акциясы аясында қолданылған полиэтилен пакеттерден жасалған арт-объектінің тұсаукесер рәсімі өтті. Енді қала тұрғындары мен қонақтары осы айдың соңына дейін Панфилов пен Жібек жолы көшесінің қиылысына орналастырылған Сәуле Сүлейменованың картинасын тамашалай алады.

Бұл идеяны жүзеге асыру үшін Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы шілде айының басында Нұр-Сұлтан әкімдігінің қолдауымен тұрғындар мен қонақтар арасында полиэтилен пакеттерін жинауды бастаған еді. Акция қаланың үш паркінде күні бойы өткізіліп, нәтижесінде 4000-нан астам пакет жиналды. Пайдаланылған полиэтилен пакеттерден суретші Сәуле Сүлейменова «Астана аспаны астында»  арт-нысанын жасады.

Баршаға мәлім, Сәуле Сүлейменова - үйдегі «пакеттегі пакет» мәселелерін шешу мақсатында полиэтилен пакеттерімен жұмыс істейтін санаулы суретшінің бірі. Ол пакеттерден көркем өнер туындысын жасау арқылы жұртшылықты экологиялық мәселелер туралы ойлануға және пластиктен аулақ болуға шақырады.

– Қоқыс біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Мен түрлі түсті анық беру үшін түрлі түсті полиэтилен пакетін қолданамын. Мен боямаймын, салмаймын, пакеттерді тек түсі мен реңіне қарай таңдаймын, барлық түсті осы пластикалық қоқыстан табуға болады, – дейді суретші.

 «StopMusor»  жобасы халықтың сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ, азаматтар арасында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған.

Алматы қаласы мен облыс көршілес жатыр. Сондықтан, осы өнер туындысын жерлестеріміз де көріп, көңіліне көп ой түюіне болады. Ол ең алдымен қоқыстан өнер туындысын жасауға болатынын ұғындырса, екіншіден, көрген адамды қоршаған ортаны қорғауға жетелейтіні анық. Ең бастысы, ниет болса қоқыстан да қыруар байлық табуға болатындығы көрсетілген. Біз осындай саналы деңгейге жетуге тырысуымыз керек-ақ.

Қажет АНДАС

Алматы қаласы