САРҚАН ӨҢІРІ БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ТОЛЫҚ ДАЙЫН

Уақыты: 24.09.2020
Оқылды: 996
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Сарқан жылу" мекемесі қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуде," - деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында орталық қазандықтың және қаладағы орталық жылу магистралінің ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып, аяқталуға жақын.

«Сарқан жылу» мекемесінің директоры Рахат Рахметовтың айтуынша, Сарқан өңірі биылғы жылыту маусымына толық дайын. "Қатты отынның маусымдық қажеттілігі 7,171 тонна болса, қазіргі таңда көмірді жеткілікті етіп қамдап алдық. Сондай-ақ, 7500 тоннаға арналған көмір қоймасы да бар. Жалпы, барлығы 130 нысанға қызмет көрсетеміз. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар, көпқабатты, жеке тұрғын үйлер, халыққа қызмет көрсету орталығы, балабақша және жеке нысандар бар. Жылуға жаңадан қосылған нысандар жауапкершілігімізді күшейте түсетіндігі сөзсіз. Дегенмен, осынау зор міндетті айқын сезіне отырып, маусымды ойдағыдай өткереміз деген сенімдеміз», - деді ол.

Табандылықты талап ететін мекемеде 34 қызметкер табысты еңбек етуде. Жыл басынан бері елімізде осы салаға біршама көңіл бөлініп, «Сарқан жылу» мекемесі қызметкерлерінің орташа айлық табысы шамамен 83 мың теңгеге жеткен. Мекеме жұмыстарын бастағалы ешқандай апаттық жағдай тіркелмеген, бұл ұжымның ерен еңбекке негізделген жүйелі жұмысының жемісі деуге толық негіз бар. Бірақ сондай апаттық жағдайлардың алдын алу үшін мекеме 16 техникамен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аудан орталығынан басқа ауылдық округтердегі әлеуметтік маңызы бар нысандар жылыту маусымына дайын. Нақтырақ айтсақ, жалпы бюджеттік ұйымның саны 137, оның 41-і орталық жылу қазандығына қосылған, 52-сі сұйық отынмен, қалған 44-і қатты отынмен жылынады.

Қазірі таңда барлық мекеме кәсіпорындар жылыту маусымына сақадай сай. Жалпы алғанда, аудан тұрғындарына 40 мың тонна қатты отын қажет болса, бүгінгі күні 26 мың тоннасы сатып алынған. Айта кеткен жөн, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында осы бағыттағы жұмыстарға 108 млн.теңгеден аса қаражат бөлінген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"